KASE ислам талаптарына сай акцияларды көрсете бастады

Жарияланды 10 Қыркүйек 2026 13:44

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Халал акциялар нарығы / фото: Kursiv Media

Қазақстан қор биржасында (KASE) исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін акцияларды енді бір жерден көруге болады. 9 қыркүйектен бастап KASE сайтында акциялардың исламдық скрининг нәтижелерін жариялай бастады.

Сервис әсіресе шариғат талаптарын сақтай отырып қор нарығына инвестиция салғысы келетін инвесторларға арналған.

Қазір қандай акциялар тізімде бар?

KASE сайтындағы қазіргі тізімде исламдық скринингтен өткен 8 компанияның акциясы көрсетілген:

  • Ақтөбеметаллқұрастыру зауыты (AKZM)
  • AltynEx Company (ATEC)
  • КоЖаН (KOZN)
  • Қазатомөнеркәсіп (KZAP)
  • Матен Петролеум (MATN)
  • Маңғыстаумұнайгаз (MMGZ)
  • LOTTE Рахат (RAHT)
  • С.А.С. (SAS_)

Олардың барлығына қазір «Сәйкес келеді» деген шариғат мәртебесі берілген. Бағалау тоқсан сайын жүргізіледі.

Акциялар қалай тексеріледі?

Скринингті KASE-нің өзі емес, Ailat финтех-экожүйесі жүргізеді. Бағалау кезінде компанияның қызметі мен қаржылық көрсеткіштері талданады. Процесс үш кезеңнен тұрады: алдымен жасанды интеллект көмегімен көрсеткіштер автоматты есептеледі, кейін нәтижені сарапшылар тексереді, соңғы қорытындыны Шариғат қадағалау кеңесі береді.

Бағалау исламдық қаржы институттарына арналған халықаралық AAOIFI стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

Яғни мұнда компанияның жай ғана «халал өнім шығаратынына» қарау жеткіліксіз. Оның негізгі қызметімен бірге қаржылық көрсеткіштері де есепке алынады.

Тізімде жоқ акция «харам» деген сөз емес

Мұнда маңызды бір ерекшелік бар. KASE акцияның тізімде болмауы оның исламдық қаржыландыру талаптарына сәйкес келмейтінін білдірмейтінін арнайы ескертеді. Скрининг нәтижелері тек ақпараттық сипатта беріледі.

Сондай-ақ бұл KASE тарапынан берілген инвестициялық ұсыныс емес және акциядан табыс табуға кепілдік бермейді. Биржа скрининг нәтижесін өзінің дербес діни қорытындысы ретінде де ұсынбайды.

Инвестор үшін не өзгереді?

Бұған дейін ислам талаптарына сай акцияларды іздеген инвестор компанияларды жеке-жеке тексеруге немесе сыртқы сервистерге жүгінуге мәжбүр болатын. Енді скринингтен өткен акцияларды KASE сайтынан тікелей қарап, компания атауы немесе тикері арқылы іздеуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз