
Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар тамыз айындағы коммуналдық төлем әдеттегіден көп келгенін айтып жатыр. Әсіресе электр энергиясы үшін есептелген сомаға қатысты шағым жиі кездеседі. Кей қолданушылар жарықты бұрынғыдай пайдаланғанын, бірақ түбіртектегі төлем едәуір өскенін жазған.
Kursiv Media коммуналдық тарифтерді қарап, электр энергиясы үшін төлем неге күрт өсуі мүмкін екенін және түбіртекті қалай тексеру керегін анықтап көрді.
Посмотреть в Threads
Посмотреть в Threads
Посмотреть в Threads
Электр энергиясының төлемі неге күрт өсуі мүмкін?
Мұнда тарифтің өзін ғана қарау жеткіліксіз. Қазақстанда жеке тұлғалар үшін электр энергиясының бағасы тұтыну көлеміне қарай бірнеше деңгейге бөлінуі мүмкін.
Яғни электр қуатын неғұрлым көп пайдалансаңыз, белгіленген нормадан асқан бөлігі қымбатырақ тарифпен есептеледі.
Мәселен, Алматыда электр плитасын пайдаланбайтын тұрғын үшін бірінші деңгейдің нормасы – бір адамға айына 90 кВт·сағ. 90-нан 160 кВт·сағ аралығындағы тұтыну екінші деңгейге, ал 160 кВт·сағ-тан асқан бөлігі үшінші деңгейге өтеді.
Электр плитасы бар үйлерде лимит жоғарырақ: бірінші деңгей – бір адамға 115 кВт·сағ, екінші деңгей – 115-тен 190 кВт·сағ-қа дейін, одан жоғарысы үшінші деңгейге жатады. Бұл шектер әр тұрақты тұратын адамға есептеледі.
Мысалы, пәтерде электр плитасы жоқ екі адам тұрса, бірінші деңгейдің жалпы лимиті айына 180 кВт·сағ болады. Бұдан артық тұтынған жағдайда электр энергиясының бір бөлігі келесі, қымбатырақ деңгеймен есептеледі.
Сондықтан бір айда кондиционер, электр жылытқышы, бойлер немесе басқа қуатты техника көбірек қолданылса, тұтыну жоғары деңгейге өтіп, түбіртектегі сома электр шығынынан да жылдамырақ өсуі мүмкін.
Алматыда үш деңгейдің бағасы қандай?
12 қыркүйектен бастап Алматы мен Алматы облысында электр энергиясының бағасы тағы өсті.
Тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф қазір:
1-деңгей — 34,28 теңге/кВт·сағ;
2-деңгей — 45,51 теңге/кВт·сағ;
3-деңгей — 56,89 теңге/кВт·сағ.
Ал деңгейлік тарифті пайдаланбайтын тұрмыстық тұтынушылар үшін жалпы тариф ҚҚС-пен 37,92 теңге/кВт·сағ болды.
5 маусымнан кейін қолданылған тарифпен салыстырғанда бірінші деңгейдегі баға 32,10 теңгеден 34,28 теңгеге, екінші деңгей 42,42 теңгеден 45,51 теңгеге, үшінші деңгей 53,04 теңгеден 56,89 теңгеге көтерілді. Өсім шамамен 7% маңайында.
Бірақ бұл жерде бір маңызды жайт бар: 12 қыркүйектегі жаңа тариф тамыз айының түбіртегін қымбаттата алмайды. Сондықтан Threads-тегі тамыз төлеміне қатысты шағымдарды осы соңғы өсіммен тікелей байланыстыру дұрыс емес.
Үшінші деңгейге өтсе, барлық электр қымбат бағамен есептеле ме?
Тұтыну деңгейлерге бөлінеді. Яғни үшінші деңгейге өткен адамның бүкіл айдағы электр энергиясын 56,89 теңгеден есептей салуға болмайды.
Мысалы, электр плитасы жоқ бір адамның айлық тұтынуы 200 кВт·сағ болды делік.
Алғашқы 90 кВт·сағ – бірінші деңгеймен, келесі 70 кВт·сағ – екінші деңгеймен, ал қалған 40 кВт·сағ ғана үшінші деңгей бағасымен есептеледі.
Сондықтан түбіртекте тек жалпы тұтынуға емес, әр деңгей бойынша қанша кВт·сағ есептелгеніне де қараған жөн.
Үйде қанша адам тұратыны да маңызды
Деңгейдің лимиті бір адамға есептелетіндіктен, энергиямен жабдықтаушы компанияның базасында үйде қанша адамның тұрақты тұратыны көрсетілгені маңызды.
Мысалы, үйде төрт адам тұрса, бірақ есепте бір адам ғана көрсетілсе, бірінші деңгейдегі рұқсат етілген электр көлемі бірнеше есе аз болып шығуы мүмкін. Нәтижесінде тұтынудың едәуір бөлігі екінші немесе үшінші деңгейге өтіп кетеді.
Сондықтан төлем күтпеген жерден көбейсе, жеткізушіден тұтыну нормасы қанша адамға есептеліп тұрғанын да тексерген дұрыс.
Есептегішті түбіртекпен салыстырыңыз
Тексерудің ең қарапайым жолы – үйдегі электр есептегішін соңғы түбіртекпен салыстыру.
Алдымен қазіргі есептегіш көрсеткішін жазып алу керек. Одан кейін түбіртектегі «соңғы көрсеткіш» пен «алдыңғы көрсеткішті» қараңыз.
Мысалы, өткен айдағы көрсеткіш 12 350 кВт·сағ, ал осы айдағы көрсеткіш 12 600 кВт·сағ болса, айлық нақты тұтыну 250 кВт·сағ болуы керек.
Егер түбіртекте бұдан айтарлықтай көп электр есептелсе, оның себебін жеткізушіден нақтылауға болады.
Есептегіштің нақты көрсеткішін алу мүмкін болмаған жағдайда есептік көрсеткіш қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол бұрынғы кезеңдегі орташа тәуліктік тұтыну мен есептік кезеңдегі күн саны негізінде есептеледі.
Сондықтан түбіртектегі көрсеткіштің нақты есептегіштен алынғанын ба, әлде есептік жолмен шығарылғанын да тексеру маңызды.
Түбіртек көп келсе, тағы нені тексеру керек?
Бірінші кезекте қазіргі түбіртекті өткен айдағы түбіртекпен салыстырған жөн. Тарифтің өзін ғана емес, тұтынылған кВт·сағ көлемін қараңыз. Егер баға өзгермесе де, тұтыну 30-40% артса, төлем де соған сәйкес өседі.
Одан кейін электр энергиясының қай деңгейлермен есептелгеніне назар аудару қажет. Бұрын тұтынудың басым бөлігі бірінші деңгейде болса, бұл жолы екінші немесе үшінші деңгейге көп көлем өтіп кетуі мүмкін.
Сондай-ақ үйде есепке алынған тұрғындар саны, есептегіштің бастапқы және соңғы көрсеткіші, бұрынғы қарыз және қайта есептеу жолдары тексерілуі керек.
Яғни «электр тарифі өсті» деген бір ғана себеппен түсіндіруге болмайды. Кей жағдайда негізгі айырмашылық тарифте емес, тұтыну көлемінің келесі деңгейге өтуінде немесе есептегіш көрсеткішінің қалай алынғанында болуы мүмкін.
Электр энергиясы осы айда тағы да қымбаттайды
Алматы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифі 12 қыркүйектен бастап көтерілді. «Энергосбыт» мұны электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан алу бағасының 15 шілдеден бастап 13 теңгеден 16 теңге/кВт·сағ-қа, яғни 23% өсуімен түсіндірді.
Жаңа тариф бойынша халық үшін жалпы баға ҚҚС-пен 37,92 теңге/кВт·сағ болды. Ал тұтыну деңгейіне қарай 1-деңгей – 34,28 теңге, 2-деңгей – 45,51 теңге, 3-деңгей – 56,89 теңге/кВт·сағ болып белгіленді.
Сондықтан бұл өзгеріс тамыздағы түбіртекке әсер етпейді, бірақ қыркүйек айындағы электр төлемінде жаңа тариф есепке алынады. Компания әзірге бұдан кейін тағы бір тариф өсімі болатынын осы хабарламада айтпаған.