
Қант диабеті туралы айтқанда, көпшілік оны бір ғана ауру деп қабылдайды. Алайда оның бірнеше түрі бар және олардың себептері мен емдеу тәсілдері де әртүрлі. Kursiv Media тілшісі бірінші типті қант диабетімен өмір сүріп жүрген Жанель Қарсақбаевадан диабеттің түрлері, күнделікті өмірдегі қиындықтар және өз денсаулығын бақылауға көмектесетін әдеттер туралы сұрап білді.
Диабеттің біріншіден екінші типінің айырмашылығы неде
Оның айтуынша, диабет бірнеше түрге бөлінеді. Негізгі түрлері: бірінші және екінші тип. Бірақ бұл екеуі бір-бірінен мүлде бөлек ауру.
Бірінші тип аутоиммунды ауру саналады. Бұл жағдайда адамның иммундық жүйесі инсулин өндіретін жасушаларды зақымдайды. Соның салдарынан ағза инсулин өндіре алмайды.
«Менің ағзамда инсулин жоқ болғандықтан, оны сырттан қабылдауыма тура келеді. Сондықтан үнемі инсулин егуге мәжбүрмін», – дейді Жанель.
Ал екінші тип көбіне өмір салтына байланысты пайда болуы мүмкін. Қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ сияқты факторлар оның дамуына әсер етуі мүмкін. Дегенмен ол бірден пайда болмайды, ауру бірнеше жыл ішінде біртіндеп дамиды.
«Бірінші типті диабетті адам өзі таңдамайды. Мен бұл ауруға дұрыс тамақтанбағандықтан немесе спортпен шұғылданбағандықтан шалдықпадым. Бірінші типті диабет көбіне балалар мен жасөспірімдерде анықталғанымен, ересек жаста да пайда болуы мүмкін.Менде диабет ересек жаста пайда болды. Менің жағдайымда оған қатты стресс әсер етті деп ойлаймын», – дейді ол.
Диабет кезінде салмаққа қатысты қандай өзгерістер болады
Жанель бірінші типті диабетпен ауыратын адамдарға салмақ жинау, әсіресе бұлшық ет массасын арттыру қиын екенін айтады.
«Бірінші типті диабет кезінде салмақ жинау өте қиын. Әрбір килограмды қосу оңай емес. Мен диабетпен ауыратынымды білген кезде ең төменгі салмағымда болдым. Бұл диаогнозды жүктілігімді білгенде қойды. Жүктілік кезінде салмақ қостым, ал босанғаннан кейін оны қайтадан біртіндеп жоғалта бастадым», – дейді кейіпкер.
Диабетпен өмір сүретін адам күнделікті қандай әдеттерге мән бергені дұрыс
Жанель ең алдымен ұйқы режимін сақтауға, дұрыс тамақтануға және белсенді болуға кеңес береді.
«Ұйқы режимін сақтау маңызды. Сонымен қатар тез сіңетін көмірсуларды, яғни тәтті, ұннан жасалған тағамдарды және қантты сусындарды шектеген дұрыс. Қимыл-қозғалыс та маңызды. Міндетті түрде кәсіби спортпен айналысу қажет емес, күнделікті қозғалыстың өзі пайдалы», – дейді ол.
Бірінші типті диабетпен өмір сүрудегі ең қиын нәрсе не
Жанель үшін ең басты қиындық – қандағы қант деңгейін үнемі бақылауда ұстау.
«Сен ешқашан толықтай босаңси алмайсың. Мысалы, кешке теледидар көріп отырып ұйықтап кете алмайсың. Жай ғана бір нәрсе жеп қоя салмайсың. Міндетті түрде қант деңгейіңді тексеріп, инсулин мөлшерін есептеп, укол салуың керек. Кейде инсулиннің әсер ете бастауын да күту қажет. Сөмкеңде үнемі қантты көтеретін тәтті сусын, шоколадтар жүреді. Сондай-ақ қант өлшеу құрылғысын жанымнан тастамаймын», – дейді ол.
Оның сөзінше, сырт көзге ұсақ болып көрінетін осы әрекеттердің өзі күн сайын қайталана береді. Сондықтан бірінші типті диабетпен өмір сүру тұрақты бақылауды қажет ететін күнделікті әдетке айналады.
«Мен жалпы спортпен айналысуға және дұрыс тамақтануға тырысамын. Сондықтан диета мен белгілі бір режимді ерекше шектеу деп қабылдамаймын. Бұл – күнделікті өмірімнің бір бөлігі», – дейді Жанель.
Тағы да оқыңыз: Диабет: мамандар рациондағы қантты азайту әдістерін атады