
Alatau City Bank жалпы көлемі $50 млн болатын долларлық коммерциялық қағаздарды Astana International Exchange (AIX) биржасына шығарды. Бағалы қағаздармен сауда 15 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды Kursiv Media AIX мәліметіне сүйеніп.
Банк барлығы 50 мың бағалы қағаз орналастырады. Әрқайсысының номиналды құны — $1 мың. Алайда инвестор оны орналастыру кезінде номиналдан төмен бағамен, яғни $952,40-қа сатып ала алады.
Бұл қағаздар бойынша тұрақты купон немесе пайыз төленбейді. Инвестордың табысы сатып алу және өтеу бағасының арасындағы айырмадан қалыптасады.
Мысалы, инвестор қағазды $952,40-қа сатып алса, өтеу мерзімі келгенде банк оған $1 мың қайтарады. Яғни бір қағаздан түсетін табыс $47,60, немесе шамамен 5% болады.
Ақша қанша уақытқа салынады?
Коммерциялық қағаздарды өтеу күні — 15 қыркүйек 2027 жыл. Демек, ақша шамамен бір жылға салынады.
Инвестициялаудың ең төменгі сомасы бір бағалы қағаздың құнына тең — орналастыру кезінде шамамен $952,40.
Коммерциялық қағаз — компания немесе банк қысқа мерзімге қаржы тарту үшін шығаратын борыштық құрал. Бұл депозит емес: инвестор іс жүзінде банкке ақша қарызға береді, ал банк белгіленген мерзімде қағаздың номиналын өтеуге міндеттенеді.
Alatau City Bank коммерциялық қағаздарды Қазақстан нарығында алғашқылардың бірі болып белсенді қолдана бастады. 2025 жылы банк AIX алаңында осындай қағаздардың алғашқы бағдарламасын тіркеп, доллармен номинирленген бірнеше шығарылым орналастырған.