
Қазақстанның негізгі экспорттық мұнай қоспасы CPC Blend күрт қымбаттады. 15 қыркүйектегі дерек бойынша оның бір баррелі $123,48-ға жетті. Бұл туралы KursivMedia нарық деректеріне сүйеніп хабарлайды.
Салыстыру үшін, әлемдік эталон саналатын Brent маркалы мұнай 15 қыркүйектегі сауданы барреліне $108,75 деңгейінде аяқтады. Ал 16 қыркүйек таңындағы саудада Brent шамамен $107,8–108,2 аралығында тұр. Осылайша CPC Blend бағасы Brent-тен шамамен $15-қа жоғары.
Қазақстан мұнайының қымбаттауына әлемдік нарықтағы физикалық мұнай тапшылығы әсер етіп отыр. Сауд Арабиясының Янбу портындағы мұнай тиеудің тоқтауы және East-West мұнай құбырының жұмысына қатысты мәселе Еуропада балама шикізатқа сұранысты арттырды. Reuters мәліметінше, Еуропада кейбір физикалық мұнай партияларының бағасы $122-ға дейін көтерілген, ал мұнай өңдеушілер АҚШ, Қазақстан, Алжир және Гайана мұнайын белсенді іздей бастаған.
CPC Blend – Қазақстанның негізгі экспорттық мұнайы. Каспий құбыр консорциумы арқылы өтетін экспорттың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі, оның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы бар.