Қаңтарда құлады, мамырда шарықтады: Қазақстандағы мұнай өндірісінің сегіз айы

Жарияланды 17 Қыркүйек 2026 11:53

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Мұнай өндірісі / фото: Kursiv Media

Қазақстанда мұнай өндірісі 2026 жылдың басындағы күрт құлдыраудан кейін біртіндеп қалпына келді. Алайда сегіз айдың қорытындысында өндіріс былтырғы деңгейге әлі жеткен жоқ. Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының ай сайынғы деректерін салыстырып көрді.

2026 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстанда газ конденсатын қоса есептегенде 61,69 млн тонна мұнай өндірілген. Бір жыл бұрын осы кезеңде көрсеткіш 67,24 млн тонна болған.

Осылайша сегіз айда өндіріс 5,55 млн тоннаға немесе 8,3%-ға азайды.

Қаңтарда өндіріс күрт құлады

Жыл мұнай саласы үшін әлсіз басталды. Қаңтарда Қазақстанда шамамен 5,25 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл – биылғы сегіз айдағы ең төмен көрсеткіш.

Бір жыл бұрынғы қаңтармен салыстырғанда шикі мұнай өндірісінің нақты индексі небәрі 68,1% болды. Яғни өндіріс шамамен үштен бірге төмендеді.

Қаңтардағы құлдырау Теңіз кен орнындағы өндірістің уақытша тоқтауымен де тұспа-тұс келді. 18 қаңтарда электрмен жабдықтау нысанында өрт шығып, Теңіз бен Королев кен орындарында өндіріс тоқтатылған еді. Reuters сол кезде бірқатар экспорттық партиялардың да кейінге қалғанын жазды.

Мұнай өндірісі · 2026

Қаңтардағы құлдыраудан кейін мұнай өндірісі қалай қалпына келді?

Қазақстандағы мұнай және газ конденсаты өндірісі, 2026 жылғы қаңтар–тамыз
8 айда өндірілді 61,69 млн т 2025 жылға қарағанда −8,3%
5,25
Қаң
6,79
Ақп
7,67
Нау
8,64
Сәу
8,68
Мам
8,59
Мау
7,59
Шіл
8,48
Там
Ең төмен ай Қаңтар · 5,25 млн т
Ең жоғары ай Мамыр · 8,68 млн т
Тамыз / шілде +11,7%
8 айдағы айырма −5,55 млн т
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы. Мұнай өндірісі газ конденсатын қоса есептегенде. Айлық көрсеткіштер млн тоннамен берілген.

Төрт ай қатарынан өсті

Ақпанда жағдай тез өзгере бастады. Мұнай өндірісі бір айда 29%-дан астам өсіп, 6,79 млн тоннаға жетті.

Наурызда – 7,67 млн тонна, сәуірде – 8,64 млн тонна өндірілді. Мамырда көрсеткіш 8,68 млн тоннаға жетіп, қаңтар–тамыз аралығындағы ең жоғары деңгей тіркелді.

Яғни қаңтардағы минимумнан мамырға дейін айлық өндіріс шамамен 3,44 млн тоннаға немесе 65%-дан астам өсті.

Шілдеде қайта төмендеді

Маусымда өндіріс жоғары деңгейде қалып, шамамен 8,59 млн тоннаны құрады. Бірақ шілдеде көрсеткіш бірден 7,59 млн тоннаға дейін төмендеді. Бір айдағы құлдырау 11,6%-ға жуық.

Бұл кезеңде Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі терминалында тасымал қиындаған. Reuters мәліметінше, шілдеде Қазақстандағы мұнай өндірісі маусыммен салыстырғанда шамамен 14% төмендеген.

КҚК бағыты Қазақстан үшін аса маңызды: ел мұнай экспортының 80%-дан астамы осы жүйемен тасымалданады.

Тамызда өндіріс қайта өсті

Тамызда мұнай өндірісі қайтадан 8,48 млн тоннаға көтерілді. Шілдемен салыстырғанда өсім – 11,7%. Осы кезде КҚК арқылы қазақстандық мұнай экспорты да жанданды. Reuters дерегінше, тамызда Қазақстан мұнайының КҚК арқылы экспорты шілдеден 25% өсіп, 5,7 млн тоннаға жеткен. Дегенмен тамыздағы өндіріс мамырдағы рекордтық деңгейден әлі шамамен 2,3% төмен.

5,5 млн тонна мұнай жетпей тұр

Сегіз айдағы жалпы динамика Қазақстан мұнай өндірісінің жылдың басындағы ірі құлдыраудан едәуір қалпына келгенін көрсетеді.

Қаңтарда өндіріс небәрі 5,25 млн тонна болса, тамызда 8,48 млн тоннаға жетті. Айлық өндіріс осы аралықта шамамен 62% ұлғайды. Соған қарамастан қаңтар–тамыздағы жиынтық көрсеткіш былтырғыдан 5,55 млн тоннаға аз.

2025 жылғы алғашқы сегіз айда 67,24 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілсе, биыл көрсеткіш 61,69 млн тонна болды.

Яғни алдағы айларда өндіріс жоғары деңгейде сақталған күннің өзінде, жылдың басындағы жоғалтуды толық жабу мұнай саласы үшін негізгі міндет болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз