
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алматы ақшамы басылымына жариялаған мақаласында қала экономикасының әлеуеті артқанын жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің 30 мың АҚШ долларынан асуымен түсіндірді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Сатыбалдының айтуынша, қалада мыңдаған шетелдік компания мен әлемдік ірі корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан.
«Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес. Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі. Қала еліміздегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндірсе, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі Алматының экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің арта түсуіне мүмкіндік мол. Ол үшін инвестицияға қолайлы орта қалыптастыру, жаңа өндірістер мен жоғары технологиялық секторларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді», – деді Алматы әкімі.
Оның айтуынша, Алматының экономикалық әлеуетін түсінудің тағы бір маңызды өлшемі – жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің 30 мың АҚШ долларынан асуы.
«Бұл көрсеткіш қаланың тек өндірістік немесе қаржылық орталық қана емес, ауқымды тұтыну нарығы қалыптасқан мегаполис екенін де аңғартады. Тұрғындардың сатып алу қабілетінің жоғарылығы, белсенді бизнес орта және халықаралық стандарттарға сұраныс Алматыны әлемдік брендтер үшін де тартымды нарыққа айналдырып отыр», – деді Дархан Сатыбалды.
Тағы да оқыңыз: Алматыға күн сайын 800 мыңға жуық адам келеді