
Қазақстанда биыл алғашқы сегіз айда мүгедектігі алғаш рет анықталған адамдар саны 2,3%-ға артқан. Медициналық-әлеуметтік сараптама дерегінше, осы кезеңде 38 481 адамға алғаш рет мүгедектік берілген. Ересектер мен балалар арасында мүгедектікке әкелетін себептер әртүрлі болғанымен, екі санатта да өсім байқалады.
Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 37 620 адам болған. Биыл мүгедектік 27 509 ересек адамға (2025 жылы – 27 317) және 18 жасқа дейінгі 10 956 балаға (2025 жылы – 10 303) белгіленген.
Онкологиялық аурулар бірінші орында
Халықтың 10 мың адамына шаққандағы алғашқы мүгедектік көрсеткіші 11,6 болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,3 болған, яғни 0,3 пунктке өскен.
Алғашқы мүгедектік себептерінің құрылымында қатерлі ісіктер бірінші орында тұр – 30%. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 27,4% болған.
Екінші орында қанайналым жүйесі аурулары – 25,3% (2025 жылы – 26,1%). Үшінші орында әртүрлі жарақаттар – 6,9% (2025 жылы – 7,8%).
Балалар арасында психикалық бұзылыстар көбейген
Балалар арасында алғашқы мүгедектікке әкелетін себептердің ішінде психикалық бұзылыстар бірінші орында – 42,1%. 2025 жылы бұл көрсеткіш 32,6% болған.
Екінші орында туа біткен ақаулар – 17,5% (2025 жылы – 22,4%), үшінші орында жүйке жүйесі аурулары – 14,6% (2025 жылы – 17,3%).
Психикалық бұзылыстарға байланысты мүгедектік белгіленген балалар саны бір жылда 3 360-тан 4 615-ке дейін өскен. Бұл – 37,4%-ға артық.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 760,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 637,5 мыңы – ересектер, ал 124 мыңы – балалар.
Тағы да оқыңыз: Тойып тамақтану асқазан обырына әкелуі мүмкін – онкологтар ескертті