Теңге депозит нарығындағы позициясын нығайтып келеді

Жарияланды 22 Қыркүйек 2026 09:19

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Депозиттердің жалпы портфеліндегі теңге депозиттерінің үлесі бір жыл ішінде 77,8%-дан 81,7%-ға өсті, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Теңгедегі депозиттер 23%-ға, яғни 33,3 трлн теңгеден 41,0 трлн теңгеге дейін өскен. Ал валюталық депозиттер осы кезеңде 3,1%-ға төмендеп, 9,49 трлн теңгеден 9,20 трлн теңгеге түсті.

Трендтің алғашқы жартысында, яғни 2025 жылғы тамыздан 2026 жылғы ақпанға дейін теңгелік депозиттердің үлесі 77,8–79,4% аралығында сақталып, айтарлықтай өзгеріс байқалмады.

Tengonomica мәліметінше, 2026 жылғы наурыздан бастап жағдай өзгере бастады: наурызда 80,1%, маусымда 80,3%, шілдеде 80,9%, тамызда 81,7%.

Соңғы алты айда теңгенің үлесі 1,6 пайыздық тармаққа өсті. Бұл алдыңғы жеті айдағы жиынтық өсімнен де жоғары.

Яғни долларсыздандыру үдерісі жылдың екінші жартысында қарқын алды.

Халықтың депозиттеріндегі валюталық қаражаттың үлесі 18,3%-дан 15,4%-ға дейін төмендеді. Заңды тұлғаларда бұл көрсеткіш 27,2%-дан 22,1%-ға түсті.

Корпоративтік сектор бастапқыда валюталық депозиттердің үлесі жоғары болғанына қарамастан, оны жылдамырақ қысқартып отыр: халықта төмендеу 2,9 пайыздық тармақ болса, заңды тұлғаларда 5,1 пайыздық тармақты құрады.

Демек, бизнестің теңгеге көшуі осы үдерістің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.

Тек шілде-тамыз аралығында заңды тұлғалардың валюталық депозиттері 5,34 трлн теңгеден 4,79 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл бір айда 10,4% азаюды білдіреді.

Бұл жыл ішіндегі ең ірі айлық өзгеріс болды. Оның өзі теңгелік депозиттердің жылдық үлесінің өсуінің шамамен жартысын түсіндіреді.

Тағы да оқыңыз: Теңгенің нығаюы да тиімсіз бе: бюджет 700 млрд теңгеден қағылды

Сондай-ақ оқыңыз