
Қытай төрағасы Си Цзиньпин үш күндік мемлекеттік сапармен АҚШ-қа келді. Оны Вашингтон маңындағы Joint Base Andrews әскери әуежайында АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі қарсы алды. Екі ел басшыларының негізгі келіссөзі 24 қыркүйекте Ақ үйде өтеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Си Цзиньпиннің Вашингтонға мемлекеттік сапармен келуі он жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет болып отыр. Ал оның АҚШ аумағына соңғы сапарынан үш жылға жуық уақыт өткен.
Сауда соғысында тағы үш ай тыныштық болады
Си Цзиньпин Вашингтонға келген күні АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент екі ел сауда бітімін 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін ұзартуға келіскенін хабарлады. Қолданыстағы келісім бойынша тараптар көтерілген тарифтердің бір бөлігін тоқтатып, жаңа сауда шектеулерін енгізбеуге келіскен.
Бұл Вашингтон мен Бейжіңге кеңірек сауда келісімін талқылауға қосымша уақыт береді.
Келіссөздерде АҚШ үшін Қытайдың америкалық ауыл шаруашылығы өнімдерін және Boeing ұшақтарын сатып алуы маңызды. Бұған дейін Қытай 2026–2028 жылдары АҚШ-тан жыл сайын кемінде $17 млрд көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға міндеттеме алған еді. Сонымен бірге 200 Boeing ұшағын сатып алу жөніндегі келісім де талқыланып келеді.
Сирек металдар негізгі сауда құралына айналды
Тараптар арасындағы тағы бір үлкен мәселе – сирек жер металдары. АҚШ Қытайдан сирек металдар мен маңызды минералдардың экспортына қойылған шектеулерді жұмсартуды сұрап отыр. Бейжің өз кезегінде қытайлық компаниялардың америкалық озық технологияларға қолжетімділігін шектейтін ережелердің кейінге қалдырылуын қалайды.
Reuters келтірген AlixPartners есебіне сәйкес, Қытай әлемдегі сирек жер металдарын өндірудің шамамен 70%-ын, оларды өңдеу қуатының 85%-ын, ал сирек металдар негізіндегі қорытпа мен магнит өндірісінің шамамен 90%-ын бақылайды. Сондықтан бұл мәселе жартылай өткізгіш, электромобиль, қорғаныс және жоғары технология секторлары үшін маңызды.
Жасанды интеллект те келіссөз үстелінде
Трамп пен Си Цзиньпин жасанды интеллект мәселесін де талқыламақ. Екі ел бір жағынан AI технологиясы мен чип өндірісінде бәсекелес болса, екінші жағынан жасанды интеллекттен туындайтын ортақ қауіптер бойынша байланыс механизмін құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. АҚШ пен Қытай капиталы технология секторында әлі де тығыз байланыста: Reuters дерегінше, 2026 жылы америкалық банктер қытайлық жоғары технологиялық компаниялардың $17,2 млрд көлеміндегі IPO-сын ұйымдастыруға қатысқан.
Ақ үй алып компаниялардың топ менеджерлерін толық жинамақ
Ақ үйдегі мемлекеттік кешкі асқа америкалық технология және қаржы секторындағы ірі бизнес өкілдерінің қатысуы жоспарланған. Reuters дереккөздері Amazon негізін қалаушы Джефф Безос, Alphabet басшысы Сундар Пичаи, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Apple басшысы Тим Кук, Tesla басшысы Илон Маск, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, Meta басшысы Марк Цукерберг, JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон және Citigroup басшысы Джейн Фрейзер шақырылғанын хабарлады.
Тайвань мәселесі тағы көтеріледі
Келіссөздердің саяси тұрғыдан ең күрделі тақырыптарының бірі – Тайвань. Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Си Цзиньпин АҚШ-тан Тайваньға қару сатуды қысқарту мәселесін көтеруі мүмкін. Бейжің Тайваньды Қытай аумағының бір бөлігі санайды және АҚШ-тың аралға қару сатуына қарсы. Тайвань билігі Бейжіңнің егемендік талабын қабылдамайды. АҚШ Тайваньмен ресми дипломатиялық қатынас орнатпағанымен, оның негізгі қару жеткізушісі болып қала береді.
Сондықтан экономикалық келісімдермен қатар Вашингтон мен Бейжің арасындағы қауіпсіздік мәселелері де келіссөздердің маңызды бөлігі болмақ.
Иран мәселесі де күн тәртібінде
Reuters мәліметінше, АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерде Иран төңірегіндегі жағдай да қаралады. Қытай – Иран мұнайының маңызды сатып алушыларының бірі. Вашингтон Бейжіңнің Тегеранға экономикалық ықпалын пайдалануға мүдделі болса, Қытай Таяу Шығыстағы қақтығыстың мұнай нарығы мен әлемдік экономикаға әсеріне алаңдайды.
Сапар қалай өтеді
24 қыркүйекте Си Цзиньпинді Ақ үйде ресми қарсы алу рәсімі өтеді. Одан кейін Трамп пен Си екіжақты келіссөз жүргізеді. Кешке АҚШ президенті Қытай басшысының құрметіне мемлекеттік кешкі ас береді. Сапар бағдарламасында АҚШ Ұлттық архивіне бару да қарастырылған.
Әзірге екі ел арасында ауқымды жаңа сауда келісімі жарияланған жоқ. Нақты белгілі нәтиже – саудадағы уақытша бітімнің 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін ұзартылуы. Қалған мәселелер бойынша келіссөз нәтижелері Ақ үйдегі кездесуден кейін белгілі болады.