
«ҚазМұнайГаздың» 2026 жылдың алғашқы алты айындағы қаржылық нәтижесінің негізгі бөлігін мұнай өндіру сегменті қамтамасыз етті. Компанияның EBITDA көрсеткішінің 74%-ы осы бағытқа тиесілі, деп хабарлайды Kursiv Media.
2026 жылдың бірінші жартысында ҚМГ-нің EBITDA көрсеткіші $3,4 млрд болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 52,7% көп. Соның $2,5 млрд-ы мұнай өндіру сегментінен келген. Өңдеу бизнесі $514 млн, мұнай тасымалдау $285 млн, басқа бағыттар $130 млн EBITDA әкелді. Корпоративтік орталық бойынша көрсеткіш минус $30 млн болды.
Айта кету керек, ҚМГ презентациясында түсімнің сегменттер бойынша толық бөлінісі көрсетілмеген. Сондықтан компанияға қай бизнес көбірек қаржылық нәтиже әкелетінін бағалау үшін EBITDA көрсеткішін пайдалануға болады.
Өндірудің үлесі одан әрі артты
Былтыр алғашқы алты айда мұнай өндіру ҚМГ EBITDA-сының 68%-ын берген. Биыл оның үлесі 74%-ға жетті.
Ақшалай есептегенде өндіру сегментінің EBITDA-сы $1,52 млрд-тан $2,5 млрд-қа дейін өскен. Бұл шамамен 65% өсім. Осы аралықта өңдеудің үлесі 20%-дан 15%-ға, тасымалдаудың үлесі 13%-дан 8%-ға төмендеді.
Бұл ҚМГ-нің биылғы қаржылық нәтижесінің жақсаруына бірінші кезекте upstream, яғни мұнай өндіру бизнесі ықпал еткенін көрсетеді.
Теңіз ҚМГ-ге $759 млн EBITDA әкелді
Өндіру сегментіндегі өсімге ҚМГ-нің бірлескен және қауымдастырылған компаниялардағы үлесі де елеулі әсер еткен.
Компания мұндай активтерден жалпы $1,1 млрд EBITDA есептеген. Оның ішінде ең ірі көрсеткіш Теңізшевройлға тиесілі – $759 млн. Бір жыл бұрын Теңіздің ҚМГ үлесіне тиесілі EBITDA-сы $313 млн болған. Яғни көрсеткіш шамамен 2,4 есе өсті.
Бұдан бөлек, Каспий құбыр консорциумы $104 млн, Маңғыстаумұнайгаз $84 млн, KC Energy $58 млн EBITDA берген.
Тек Теңіздің өзі ҚМГ-нің жалпы EBITDA көрсеткішінің 22%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Мұнай аз өндірілді, бірақ пайда өсті
Қызығы, ҚМГ-нің қаржылық көрсеткіштері жақсарғанымен, өндіріс көлемі төмендеген. 2026 жылдың бірінші жартысында компанияның мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 4,6%-ға азайып, 12,4 млн тоннаға түсті. Газ өндіру де 4,7%-ға төмендеді. Ал мұнай тасымалдау 4% өсіп, 43,3 млн тонна болды.
Қаржылық нәтиженің өсуіне мұнай бағасы ықпал етті. Алты айда Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне $92,31 болды. Бір жыл бұрын ол $71,87 еді. Яғни мұнай 28,4% қымбаттаған. KEBCO бағасы да $72,83-тен $92,44-ке дейін өсті.
Сондықтан ҚМГ-нің пайдасының өсуі өндірісті арттырудан емес, негізінен мұнай бағасының жоғарылауынан және ірі өндіруші активтердің қаржылық нәтижесінің жақсаруынан болды.
Таза пайда 904 млрд теңгеге жетті
ҚМГ-нің клиенттермен келісімшарттардан түскен түсімі алғашқы жартыжылдықта 5,57 трлн теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,5 трлн теңге болған.
Бірлескен және қауымдастырылған кәсіпорындардағы пайда үлесі де 53,9% өсіп, 536,8 млрд теңге болды.
Нәтижесінде ҚМГ-нің таза пайдасы 534,4 млрд теңгеден 903,8 млрд теңгеге дейін көбейді. Өсім – 69,1%.
Сонымен бірге капиталдық шығындар $512 млн-нан $869 млн-ға дейін өсті. Компанияның таза қарызы да 2025 жылдың соңындағы $742 млн-нан 2026 жылғы маусым соңында $2,05 млрд-қа жетті.