Kaspi Bank акционерлеріне 75 млрд теңгеге жуық дивиденд төленеді

Жарияланды 25 Қыркүйек 2026 18:29

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Жанель Жазетова

Жанель Жазетова

Business News бөлімінің редакторы z.zhazetova@kursiv.media
Kaspi Bank акционерлеріне 75 млрд теңгеге жуық дивиденд төленеді / Фото: kursiv.media, елия Айдаралиева

Kaspi Bank акционерлері 2025 жылдың қорытындысы бойынша жай және артықшылықты акциялардың әрқайсысына 4 мың теңгеден дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Шешім 25 қыркүйекте өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған хабарламада айтылған. Дивиденд төлемдері осы күннен басталады.

Банктің 2025 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, акциялардың 94,4%-ы Kaspi Group-қа, 4,55%-ы Kaspi.kz-ке тиесілі. Қалған 1,05%-ы басқа акционерлер арасында бөлінген.

2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша банктің түпкі бенефициарлары арасында Baring Vostok қорларының үлесі – 22,98%, Михаил Ломтадзенің үлесі – 22,34%, Вячеслав Кимнің үлесі – 20,52%. Ал жария инвесторларға 30,3%, менеджментке 3,83% тиесілі болған.

Дивиденд алуға құқығы бар акционерлердің тізімі 24 қыркүйектегі жағдай бойынша жасалған.

2025 жылдың соңында айналымда 18 345 540 жай және 372 484 артықшылықты акция болған. Осыған байланысты дивидендтердің жалпы көлемі шамамен 74,8 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2026 жылдың маусым айының соңында Kaspi Bank акционерлеріне өткен жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға 1600 теңгеден дивиденд төленген. Ол кезде жалпы төлем көлемі 29,95 млрд теңге болған.

Kaspi Bank-тің 2025 жылғы таза пайдасы 571,5 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз