Мұнай бағасы қайта көтеріліп, Brent бағасы 107 доллардан асты

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 12:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Мұнай бағасы / фото: Kursiv Media

Әлемдік нарықта мұнай бағасы аптаны өсіммен бастады. Brent маркалы мұнай барреліне 107 доллардан асты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

28 қыркүйек күні Астана уақытымен шамамен 10:40-та Brent фьючерстері 3,29%-ға қымбаттап, барреліне 107,75 доллар болды. АҚШ-тың WTI мұнайы 2,32%-ға өсіп, 94,55 доллар деңгейінде саудаланды.

Жұма, 25 қыркүйектегі сауда қорытындысында Brent барреліне 104,32, ал WTI 92,41 доллар болған еді.

Бағаның көтерілуіне Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әсер етті. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған бейбіт келісім нұсқасын қабылдамады. Соның салдарынан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жақын арада нәтижеге жетеді деген үміт әлсіреді.

Нарық қатысушылары үшін Ормұз бұғазының жағдайы да маңызды болып отыр. Қыркүйекте Таяу Шығыстың негізгі мұнай өндірушілерінің экспорты тәулігіне 12,8 млн баррельге дейін өскен. Бұл – ақпанда қақтығыс басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз