
Ақмола облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 506 млн долларға дейін жететін екі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Kusiv Media.
Оның ең ірісі – облыста жалпы қуаты 450 МВт болатын үш жел электр станциясын салу жобасы. Оған 500 млн долларға дейін инвестиция салынады. 300 МВт қуатындағы станция Есіл ауданында, ал қуаты 100 және 50 МВт болатын екі станция Зеренді ауданында салынбақ.
Жобаларды 2026–2028 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы қазан айында басталады деп жоспарланған.
Екінші жоба Жақсы ауданындағы Қазақ ауылында орналасқан элеваторды жаңғыртуға бағытталған. Оған 6 млн доллар инвестиция салынады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының шамамен 80%-ы аяқталған. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіре алады. Сонымен қатар 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұл жобалар Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында рәсімделген. Форумда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қытайлық компаниялармен екі келісімге қол қойды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. компаниясымен үш жел электр станциясын салу туралы келісім жасалды. Ал East Hope Group компаниясымен Жақсы ауданындағы элеваторды жаңғырту жобасы бойынша келісімге қол қойылды.
Алматыдағы форумда Тоқаев Қытай мен Қазақстанда жасалған ортақ инвестициялық жобалар жайлы бағдарлама іске қосуды ұсынған еді.