
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Ли Чжэ Мёңге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент корей халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын айтулы күннің маңызына айрықша тоқталып, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен.
– Жақында Сеулге жасаған сапар барысында екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл шешім достық пен берік әріптестікке негізделген қазақ-корей ықпалдастығын халықтарымыздың игілігі үшін өрістете беретініне кәміл сенемін, – деп жазылған жеделхатта.
Қыркүйектің ортасында Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапармен барған.
Сапар аясында Ли Чжэ Мёңмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, тараптар стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылаған.