Қазақстан мен Ресей мұнай жеткізу туралы келісімді 2028 жылға дейін ұзартады

Жарияланды 7 Қазан 2026 11:01

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Келісім екі оқылымда мақұлданды/kursiv.media архиві

Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау туралы хаттаманы ратификациялауды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.media.  

Хаттама 2024 жылғы 27 қарашада Астанада жасалған. Қазақстан бұл келісімді 2013 жылы ратификациялаған. Құжат Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу шарттарын айқындайды.

Хаттамаға сәйкес, келісімнің қолданылу мерзімі 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылады. Бұдан кейін тараптардың бірі келісімді тоқтату ниеті туралы екінші тарапқа кемінде алты ай бұрын хабарламаса, құжат автоматты түрде бес жылдық кезеңдерге ұзартылып отырады.

Бажсыз режимді сақтау Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін практикалық маңызға ие. Бұл ретте, 2026 жылы күтілетін үнем шамамен 30 млрд теңгені, соның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд теңге, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд теңге, авиациялық отын бойынша – 8,61 млрд теңгені құрайды.

Құжаттың мақсаты – мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін жаңарту. Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты даулар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

Құрылтай депутаттары хаттаманы қолдап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы екінші оқылымда да қаралып, мақұлданды.  

Құрылтай депутаттары осы отырыста елде тағы екі награда енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз