Отбасы банк ипотеканы қайта қаржыландыруды 23 қазанға дейін тоқтатты

Жарияланды 7 Қазан 2026 17:09

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Отбасы банк басқа банктердегі ипотеканы өтеуге арналған қарыздарды беруді уақытша тоқтатты. Бұған банктерге қойылатын жаңа талаптар себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.media Krisha.kz-ке сілтеме жасап.

1 қазаннан бастап басқа банктер мен қаржы ұйымдарындағы қарыздарды қайта қаржыландыруға қойылатын талаптар өзгерді. Енді жаңа қарыз бұрын алған кредитті өтеу үшін рәсімделсе, банк қарыз алушының ақшаны бұрын қарыз алған ұйымға тікелей аударуға келісімін алуы керек.

Отбасы банктің қайта қаржыландыруды уақытша тоқтатуы осы өзгеріске байланысты болуы мүмкін. Алайда банктің өзі үзіліске нақты қандай өзгеріс себеп болғанын түсіндірмеді.

Қайта қаржыландыру деген не

Қайта қаржыландыру – қолданыстағы қарызды бір банктен екінші банкке ауыстыру.

Мысалы, адамның басқа банкте 20 млн теңге ипотекалық қарызы бар делік. Ол ескі қарызын өтеу үшін Отбасы банктен жаңа қарыз рәсімдейді. Өтініш мақұлданған жағдайда, Отбасы банк ақшаны қарыз алушының өзіне емес, оның бұрынғы кредиторына тікелей аударады. Осыдан кейін бастапқы ипотекалық қарыз толық өтеліп, клиент жаңа қарызын Отбасы банкке төлей бастайды.

Қарыз беру 23 қазанға дейін тоқтатылды

Осыған байланысты Отбасы банк сыртқы қайта қаржыландыруға арналған қарыздарды 23 қазанды қоса алғанда уақытша бермейді. Алайда банк өтініштерді қабылдауды жалғастырады. Қарыз беруді қайта бастау туралы банк қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Тағы да оқыңыз: «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға үй таңдауға тағы 3 ай уақыт берілді.

Сондай-ақ оқыңыз