Қазақстан 7 айда Италияға 9 млрд доллардың тауарын экспорттаған

Жарияланды 8 Қазан 2026 10:18

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Биыл Италиядан Қазақстанға тауар жеткізу 13,5%-ға өскен/ Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның Италияға экспорты шамамен 9 млрд долларды, ал Италиядан импорт 789,6 млн долларды құрады, деп хабарлайды Kursiv.media.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 16,9 млрд долларды құраған. Ал биыл Италиядан Қазақстанға тауар жеткізу 13,5%-ға өскен.

Қазақстан тарапы Италия нарығына отандық өнім экспортын тағы 307,5 млн долларға арттыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Негізгі әлеует металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бар.

Бұл жайлы Римде өткен өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық алмасу жөніндегі қазақ-итальян үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысында айтылды.

Отырысқа Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Италияның сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли қатысты.

Кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сауданы әртараптандыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Ведомство хабарлағандай, тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ көлік және логистика, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, су ресурстары, экология және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті.

Қазақстан италияық теміржол және логистикалық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағытына, соның ішінде Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.

Тағы да оқыңыз: Қазақстан мен Италия Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін талқылады

Сондай-ақ оқыңыз