Қазақстан қаржылық қызметтерді пайдалану бойынша Орталық Азияда көш бастады

Жарияланды 8 Қазан 2026 11:01

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстанда ақша жинайтындар көп/ shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында халықтың қаржылық қызметтерді пайдалануы бойынша көш бастап тұр. 2025 жылы 15 жастан асқан қазақстандықтардың 87%-ның қаржылық шоты болған, деп хабарлайды Kursiv.media.

Қырғызстанда бұл көрсеткіш 72,3%, Өзбекстанда 59,7%, Тәжікстанда 54,5% болды. Цифрлық төлемдерді пайдалану бойынша да айырмашылық айқын болып отыр. Қазақстан халқының 85%-ы цифрлық төлем жасаған немесе қабылдаған.

Қырғызстанда бұл көрсеткіш 67,5%, Өзбекстанда 49,9%, Тәжікстанда 49,3%-ды құрады.

Деректер Дүниежүзілік банктің халықтың қаржылық және цифрлық қызметтерге қолжетімділігін бағалайтын Global Findex 2025 зерттеуінен алынған.

Салыстыруға Орталық Азияның төрт елі- Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан енгізілген. Түрікменстан бойынша Global Findex 2025-те салыстыруға болатын жаңа деректер болмағандықтан, зерттеуге енгізілмеген.

Цифрлық операциялар жасауға мүмкіндік беретін шоттардың таралуы бойынша да Қазақстан бірінші орында. 2025 жылы мұндай шот халықтың 78%-ында болған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 59,1%, Өзбекстанда 43,8%, Тәжікстанда 27,9%-ды құрады.

Тауарлар мен қызметтерді төлеуде цифрлық тәсілдерді Қазақстан халқының 70,1%-ы пайдаланған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 43,4%, Өзбекстанда 38,1%, Тәжікстанда 16,2% болды. Ал шоттарды онлайн төлеу бойынша Қазақстан тағы да көш бастады – 2025 жылы бұл қызметті халықтың 51%-ы пайдаланған. Қырғызстанда көрсеткіш 35,4%, Өзбекстанда 24,1%, Тәжікстанда 21,5%-ды құрады.

Жинақ мәселесінде де Қазақстан алда. 2025 жылы қазақстандықтардың 53%-ы қандай да бір тәсілмен ақша жинаған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 43,7%, Өзбекстанда 32,2%, Тәжікстанда 28,3% болды.

Finprom.kz мәліметінше, қаржылық шот арқылы ресми жинақ жасағандардың үлесі Қазақстанда 37,7%-ға жетті. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 19,5%, Тәжікстанда 10,1%, Өзбекстанда 9,2% болды.

Global Findex зерттеуінде шоттар мен мобильді қаржы қызметтерінің қолжетімділігі артқан сайын халықтың жинақ үшін ресми қаржы құралдарын көбірек пайдалана бастағаны айтылады.

Қарыз алу бойынша жағдай өзгеше. 2025 жылы Қырғызстан халқының 62,9%-ы қандай да бір көзден қарыз алған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 62,8%, Тәжікстанда 52,5%, Өзбекстанда 39,5% болды. Бұл көрсеткішке қаржы ұйымдарынан алынған несие, қарызға тауар алу, сондай-ақ туыстар мен достардан алынған қаражат және басқа да қарыз түрлері кіреді.

Тағы да оқыңыз: Енді жастарға үлкен сомада қаржы аудару қиындай түсуі мүмкін

Сондай-ақ оқыңыз