
АҚШ пен Ресей өкілдері ресейлік газды Еуропаға қайта жеткізуге мүмкіндік беретін ықтимал энергетикалық мәмілелерді талқылап жатыр. Соның ішінде Nord Stream газ құбырларына америкалық инвестор тарту мәселесі де қарастырылған, деп хабарлайды Kursiv Media Reuters агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Reuters дерегінше, келіссөздерге АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер мен Ресей президентінің кеңесшісі Кирилл Дмитриев қатысқан. Олар соңғы апталарда Мәскеу мен Нью-Йоркте кездескен. Nord Stream мәселесі осы келіссөздердің күн тәртібінде қалып отыр.
Талқыланып жатқан нұсқалардың бірі – Nord Stream газ құбырларына америкалық инвестордың қатысуы. Мұндай схема соғыс аяқталғаннан кейін Ресейден Еуропаға газ жеткізу қайта басталса, америкалық тарапқа да энергетикалық ағыннан табыс табуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Ақ үй өкілі ықтимал мәмілелер Ресей, АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) және Қаржы министрлігі арасында келісілуі тиіс екенін айтқан. Сонымен бірге ол соңғы уақытта Nord Stream бойынша нақты келіссөз болмағанын атап өтті. Reuters дереккөздерінің бірінің айтуынша, көптеген кедергіге байланысты мұндай мәміленің орта мерзімде жүзеге асуы екіталай.
Негізгі кедергі – санкциялар мен Германияның қарсылығы
Nord Stream құбырлары қазір АҚШ пен Еуроодақ санкцияларында. Сондықтан шектеулер алынбайынша газ жеткізуді қайта бастау заңдық тұрғыдан мүмкін емес.
Германия да ресейлік газға қайта оралуға мүдделі емес екенін білдірген. Елдің экономика және энергетика министрлігі Nord Stream-ды қайта іске қосу үшін үкіметтің мақұлдауы қажет екенін және Берлин мұндай қадамды қолдамайтынын хабарлады.
2022 жылғы Украинадағы соғысқа дейін Германия тұтынатын газдың жартысынан астамын Ресейден алған. Оның елеулі бөлігі Nord Stream желісімен жеткізілген. Кейін газ тасымалы тоқтап, 2022 жылғы қыркүйекте құбырлардың бір бөлігі Балтық теңізіндегі жарылыстардан зақымданды.
Nord Stream инфрақұрылымын бақылайтын компанияның 51%-ы «Газпромға», тағы 31%-ы екі неміс компаниясына тиесілі. Қалған үлестер француз және нидерланд компанияларының қолында. Reuters дерегінше, неміс акционерлері «Газпром» үлесін сататын жағдайда компаниядағы ықпалын сақтап қалуға тырысып отыр.
Lukoil активтері де талқыланған
Кушнер мен Дмитриевтің келіссөздері Nord Stream-пен ғана шектелмеген. Reuters мәліметінше, тараптар Lukoil-дың Еуропа мен басқа нарықтардағы мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю станцияларын сату мүмкіндігін де қарастырған.
Ұсынылып отырған нұсқа бойынша бұл активтерді DFC, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары кіретін консорциум сатып алуы мүмкін. Оның орнына АҚШ тарапынан тиісті санкцияларды жұмсарту мәселесі қарастырылуы ықтимал. Әзірге бұл жоспарлардың ешқайсысы бойынша түпкілікті келісім жасалған жоқ.