
Қазақстан жанармай бағасын жасанды түрде төмен деңгейде ұстап тұру салдарынан жыл сайын шамамен 150 млрд теңге жоғалтуы мүмкін. Бұл қаражаттың бір бөлігі көрші елдердің экономикасын жанама субсидиялауға жұмсалып отыр. Осыған байланысты елдегі жанар-жағармай материалдарының бағасын нарықтық тетіктер арқылы қалыптастыру мәселесі қайта көтеріліп отыр, деп жазады Kursiv.Media.
Мұндай пікір білдірген экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, тұтынушы ретінде арзан жанармайдың болғаны тиімді болғанымен, ел экономикасы тұрғысынан нарықтық баға анағұрлым маңызды. Оның сөзінше, төмен баға Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырмайды, керісінше, отынның көрші мемлекеттерге көптеп шығарылуына жағдай жасайды.
Қазақстаннан жыл сайын 1 млрд литрге жуық жанармай шығарылуы мүмкін
Қазақстанда АИ-92 бензині көрші елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Ресейде оның бағасы шамамен 1,6 есе, Қырғызстанда 2 есеге жуық, ал Өзбекстанда 1,6-2,5 есе қымбат. Дизель отыны да көрші елдерде Қазақстанға қарағанда 1,35-1,6 есе жоғары бағамен сатылады.
Баға айырмашылығының салдарынан жанармайдың көп мөлшері басқа елдерге шығарылуы мүмкін. Әсіресе, Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк көліктері арзан отын құйып алуға мүдделі.
Сарапшының мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан шамамен 4 млн көлік шығады. Оның 1,5 млн-ға жуығы – жүк көліктері. Жеңіл көліктердің багына орта есеппен 50–70 литр жанармай сыятын болса, үлкен жүк көліктері 600-1000 литрге дейін отын тасымалдай алады.

Сарапшының есебінше, осы көліктер арқылы жыл сайын елден шамамен 1 млрд литр, яғни 850 мың тоннаға жуық жанармай шығарылуы мүмкін. Мұның салдарынан Қазақстанның экономикалық шығыны жылына 150 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
Бұған қоса, шекара арқылы жанармайды заңсыз тасымалдау да өзекті мәселе болып отыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, заңсыз, яғни «сұр» экспорт көлемі айына 10 мың тоннаға дейін жеткен.
Сарапшының пікірінше, жанармай бағасын төмен деңгейде ұстап тұрудың салдары тек отынның шетелге шығарылуымен шектелмейді. Бұл Қазақстандағы мұнай өңдеу саласының дамуына да кедергі келтіруі мүмкін.
Сарапшының айтуынша, жанармай бағасын әкімшілік жолмен ұстап тұру жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салуға деген қызығушылықты азайтады. Соның салдарынан Қазақстан мұнайды терең өңдеп, одан қосымша табыс табу мүмкіндігін толық пайдалана алмауы мүмкін.
Авиациялық керосин тапшылығы транзиттік әлеуетті тежейді
Қазақстандағы жанармай бағасын реттеу мәселесі авиация саласына да әсер етеді.
Сарапшы келтірген мәліметтерге сәйкес, Қазақстан жылына 1,1–1,2 млн тонна авиациялық керосин тұтынады. Ал 2025 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттары шамамен 720 мың тонна өнім өндірген. Осылайша, қажеттіліктің 30–35%-ы негізінен Ресей мен Беларусьтен импортталады.
Авиациялық керосинді басқа мұнай өнімдерінен бөлек өндіру мүмкін емес. Өндіріс көлемін арттыру үшін мұнайды көбірек өңдеу қажет, ал бұл жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуды талап етеді.
2026 жылдың басынан бастап шетелдік әуе компаниялары үшін жанармай құю бағасының тоннасына 1200 доллардан 930–1000 долларға дейін төмендетілуі оң өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Дегенмен, сарапшының пікірінше, ұзақ мерзімді бәсекеге қабілетті баға мен тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның өз өндірісін дамытуы маңызды.
Бағаны еркін жіберу халыққа қалай әсер етеді
Жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартудың кері әсері де болуы мүмкін. Мысалы, дизель қымбаттаса, жүк тасымалының шығыны артып, бұл азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасына әсер етуі ықтимал. Әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай аудандардың тұрғындарына салмақ түсуі мүмкін.
Дегенмен сарапшының айтуынша, нарықтық баға компанияларды шығынды азайтуға, тасымалды тиімді ұйымдастыруға және жанармайды үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандырады.Мысал ретінде мұнай қоры жоқ Грузияны келтіреді.
Онда АИ-95 бензинінің бір литрі шамамен 1,5 доллар тұрады. Бұл Қазақстандағы бағадан екі есе жоғары.
Сарапшының пікірінше, жанармай бағасын еркін қалыптастыру халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына атаулы көмек көрсетумен қатар жүруі керек.
Тағы да оқыңыз: Жыл басынан бері 150 тонна жанармай елден заңсыз шығарылмақ болған