Банк ЦентрКредит айналымдағы акцияларын тағы қысқартпақ

Жарияланды 15 Қазан 2026 09:48

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Фото: БЦК

Банк ЦентрКредит 15 қазанда Қазақстан қор биржасында (KASE) өзінің 915 мың жай акциясын кері сатып алуға арналған арнайы сауда өткізеді. Банк бір акция үшін 4 399 теңге ұсынған, деп хабарлайды Kursiv.Media биржа дерегіне сүйеніп.

Егер жарияланған көлем толық сатып алынса, операцияның жалпы сомасы шамамен 4,03 млрд теңгені құрайды. Бұл қазіргі айналымдағы 171,9 млн жай акцияның шамамен 0,53%-ына тең.

Акцияларды қалай сатып алады

KASE мәліметінше, инвесторлардың өтінімдері 15 қазанда Астана уақытымен 10:00-ден 12:00-ге дейін қабылданады. Сауда жабық өтінімдер форматында өтеді, ал есеп айырысу сол күні сағат 15:00-де жүргізіледі. Операция бастамашысы — банктің еншілес ұйымы BCC Invest.

Бір акцияның кері сатып алу бағасы 4 399 теңге болып белгіленген. Инвесторлар саудаға тікелей емес, KASE қор нарығының мүшелері арқылы қатыса алады.

BCC акцияларын бұған дейін де кері сатып алды

Бұл банктің биылғы алғашқы buyback-ы емес. Мәселен, 7 қазанда Банк ЦентрКредит 4,1 млн жай акциясын кері сатып алуға арналған арнайы сауда өткізді.

Бұдан бөлек, банктің сайтында 2026 жылғы ақпанда да жай акцияларды кері сатып алу бағдарламасының аяқталғаны туралы хабарлама жарияланған. Яғни Банк ЦентрКредит айналымдағы акциялар санын кезең-кезеңімен қысқартып келеді.

Банктің негізгі акционерлері кім

Банк жариялаған соңғы дерек бойынша, Банк ЦентрКредиттің ең ірі акционері — Бақытбек Байсейітов. Оның қолында 91,15 млн жай акция бар. Бұл орналастырылған бағалы қағаздардың шамамен 40,1%-ына, ал дауыс беретін акциялардың 49,37%-ына сәйкес келеді.

Тағы бір ірі акционер — Владислав Ли. Оның иелігінде 20,98 млн жай акция немесе орналастырылған акциялардың 9,23%-ы бар. Дауыс беретін акциялардағы үлесі — 11,37%.

Акцияларды кері сатып алу нәтижесінде айналымдағы қағаздар саны азаяды. Теориялық тұрғыдан бұл қалған акционерлердің банктегі үлесін сәл ұлғайтып, бір акцияға шаққандағы көрсеткіштерге оң әсер етуі мүмкін. Алайда акция бағасының әрі қарайғы динамикасы банктің қаржылық нәтижесіне және нарықтағы сұранысқа да тәуелді.

Сондай-ақ оқыңыз