Миллионердің 1,3 трлн теңге инвестициялық жобасы тоқтап қала жаздаған

Жарияланды 16 Қазан 2026 14:58

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Прокуратура инвестордың 1,3 трлн теңгелік жобасын қорғады / Jcb.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова т

Қазақстандағы ірі бизнес жобалардың бірі қағазбастылық пен түсініспеушілік кесірінен жабылып қала жаздады. Елордалық прокуратураның жедел араласуы ғана «Orbis Heavy Machinery» компаниясына 1,3 трлн теңге тұратын ауқымды жобаны жалғастыруға көмектесті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астанадағы бұл компания JCB, Hino және Valtra сияқты арнайы техникаларды құрастыратын жаңа зауыт салып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін инвестор «Astana» корпорациясына өзінің өндірістік ғимаратын кепілге берген.

Кейін компания қарызын мерзімінен бұрын толығымен төлеп бітіреді. Алайда банк немесе басқа ұйымдар ғимараттағы шектеуді уақытында алып тастауды ұмытып кеткен. Салдарынан мүлік әлі де кепілде тұрғандай көрініп, компанияға жаңа несие алуға кедергі келтірген.

Ал жобаның екінші кезеңін аяқтау үшін қаржы қажет болатын. Осы бір бюрократиялық кедергілер жаңа зауыттың жұмысын тоқтатып тастай жаздады.

Тығырыққа тірелген соң компания өкілдері Астана қаласының прокуратурасына жүгінді. Қадағалау органы мәселені зерделеп, тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде мүліктегі шектеу төрт жұмыс күні ішінде толық алынып тасталды.

Бұл инвесторға қажетті қарыз ақшаны қайта тартуға және зауыт құрылымын әрі қарай дамытуға жол ашты.

Айта кетейік, бұл кәсіпорын Астанада 2020 жылдан бері жұмыс істейді және мемлекетке миллиардтаған салық төлеп отыр.

«Orbis Kazakhstan» холдингіне кіретін бұл компания бұған дейін кореялық KIA брендімен жүк көліктерін шығаратын зауыт ашқан.

«Orbis Heavy Machinery» компаниясы ағайынды Фаррух және Сухраб Махмудовтарға тиесілі «Orbis Kazakhstan» компаниялар тобының құрамына кіреді. Ал кәсіпкер Фаррух Махмудовтың байлығы 310 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.

Бұған дейін Алматы облысында құны 120 млрд теңгеден асатын жобаны жүзеге асырып жатқан шетелдік инвестордың шоттары бұғаттталып, өзі «алаяқтар» қатарына кіріп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз