Қазақстан V Азия Пара ойындарында 50 медаль жеңіп алды

Жарияланды 24 Қазан 2026 10:40

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
фото: Туризм және спорт министрлігі

Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы саны 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлде бар.

Дода қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын спорттың 12 түрінен 150 спортшы қорғады. Ұлттық құрама пара дзюдо, пара велоспорт, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара садақ ату, пара оқ ату, пара үстел теннисі, пара таеквондо, бочча, арбадағы теннис және волейболды отырып ойнаудан сынға түсті. 

Ұлттық құрама ең көп медальді пара дзюдодан жеңіп алды. Бұл спорт түрінен қазақстандық спортшылар 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль иеленіп, жалпы саны 13 жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы пара дзюдодан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал пара жүзуден Қазақстан құрамасы 1 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 10 жүлдеге қол жеткізді.

Пара велоспорттан ұлттық құрама 4 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Пара пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 6 жүлдеге қол жеткізді.

Пара жеңіл атлетикаға келсек, Қазақстан құрамасы қоржынында 2 күміс және 2 қола медаль бар.

Пара үстел теннисінен Қазақстан спортшылары 4 қола медаль жеңіп алды. Пара садақ атудан 1 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов R1 бағдарламасында, SH1 класында 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату сайысында алтын медаль жеңіп алып, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ерлер құрамасы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ оқыңыз