
Ресейдің 27 аймағында АИТВ инфекциясы жалпы халық арасында кең таралған. Бұл өңірлерде жүкті әйелдердің 1 пайыздан астамынан вирус анықталады, деп жазады Kursiv Media.
Ең күрделі эпидемиологиялық жағдай Кемерово, Иркутск және Свердлов облыстарында тіркелген.
2025 жылы Ресейде АИТВ жұқтырғандар саны 45 мыңға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға аз. Алайда елде жыл сайын АИТВ-дан 30-34 мың адам қайтыс болады.
Мамандардың мәліметінше, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың тек жартысында ғана вирустық жүктеме басылған. Ал ем қабылдап жүрген науқастар арасындағы бұл көрсеткіш 77,9 пайызды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эпидемияны бақылау үшін көрсеткіштің 95 пайызға жетуі қажет екенін айтады.
Бұған қоса, 2025 жылы Ресейдің медициналық мекемелерінде АИТВ мен гепатит жұқтырудың сегіз ошағы анықталып, 104 адам инфекция жұқтырған. Мамандар мұның негізгі себебі санитарлық талаптардың бұзылуы және медициналық құралдарды бірнеше науқасқа ортақ пайдалану екенін атап өтті.
Мамандар жұқтыру азайғанымен, АИТВ инфекциясының таралуы мен одан болатын өлім-жітім әлі де өзекті мәселе екенін ескертеді.
Тағы да оқыңыз: Елде АИТВ инфекциясын жұқтырған 36 мың адам есепте тұр