40 мың адам бүйрек ауруымен есепте тұр: диализ орталықтардың жұмысы қайта тексеріледі

Жарияланды 30 Қазан 2026 16:01

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media, Бағдәулет Патық

Қазақстанда 40 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұр. Олардың бір бөлігі дәрігерге ауру асқынған кезде ғана жүгінеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін өңірлерде жаңа нефрологиялық орталықтар ашып, диализ қызметінің сапасын тексеруді және медициналық деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтпек. Бұл туралы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова Алматыда өткен министрлік алқасының көшпелі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Диализ орталықтарының жұмысы тексеріледі

Министрліктің мәліметінше, медициналық ақпараттық жүйелерге жүргізілген талдау кезінде гемодиализ рәсімдері туралы деректерді қосымша тексеруді қажет ететін сәйкессіздіктер анықталған.

Атап айтқанда, 6 400 пациенттің деректерін талдау барысында соңғы гемодиализ жүргізілген күн мен пациенттің қайтыс болған күні сәйкес келетін жағдайлар тіркелген. Сондай-ақ медициналық көмек көрсету хронологиясын нақтылауды қажет ететін жекелеген жазбалар анықталған.

Осыған байланысты министр бейінді комитетке ақпаратты қайта тексеріп, медициналық қызметтер туралы электрондық есептердің дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мұндай жағдайлардың барлығын толық қайта тексеру қажет», – деді Ақмарал Әлназарова.

Бұдан бөлек, меншік нысанына қарамастан, барлық диализ орталығының қызметіне кешенді бағалау жүргізу жоспарланып отыр. Тексеру кезінде медициналық көмектің сапасы, пациенттердің қауіпсіздігі және емдеудің үздіксіздігі ескеріледі.

Қазақстанда бүйрек ауруына шалдыққан 40 мыңнан астам адам есепте тұр

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын 40 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Ауруды ерте анықтау мәселесі әлі де өзекті. Алғаш рет диагноз қойылған әрбір үшінші пациент медициналық көмекке бүйрек қызметі қатты бұзылған, бүйрек функциясын алмастырушы терапия қажет болатын кезеңде жүгінеді.

Министрдің айтуынша, диализді қаржыландыру көлемі жыл сайын 10–12%-ға артып келеді. Алайда ауруды ерте анықтап, уақытында емдеген жағдайда кейбір пациенттердің бүйрек функциясын сақтап қалуға мүмкіндік бар.

«Сондықтан емханадан бастап мамандандырылған орталықтарға дейінгі нефрологиялық қызметтің тиімді жүйесін қалыптастыру қажет», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрліктің мәліметінше, қосымша зертханалық зерттеулер енгізілгеннен кейін созылмалы бүйрек ауруын анықтау көрсеткіші өскен. Егер 2025 жылы 26 мың жағдай анықталса, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 40 мыңнан асқан.

Жыл соңына дейін жаңа орталықтар ашылады

Қазір Қазақстанның тоғыз өңірінде нефрология бойынша құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың соңына дейін мұндай орталықтар жетіспейтін өңірлерде оларды ашуды тапсырды.

Жаңа орталықтардың мақсаты – бүйрек ауруларын ерте анықтау, пациенттерді уақтылы мамандандырылған көмекке бағыттау және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру.

Сонымен қатар министрлік гемодиализді қаржыландыру тәсілдерін жетілдіруді көздеп отыр. Бұл ретте көрсетілетін қызметтің көлемімен қатар, оның сапасы мен емдеу нәтижелеріне де назар аударылмақ.

Трансплантация күтіп жүргендер саны 4,2 мыңнан асты

Бүйрек ауруларын емдеумен қатар, министрлік трансплантация бағытын дамытуға да басымдық бермек. Қазір Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп жүрген 4,2 мыңнан астам адам бар.

Осыған байланысты министр балаларды шетелде трансплантациялауға жіберу өлшемшарттарын қайта қарауды және қажетті қаржылық есептеулер әзірлеуді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: Жыл сайын 350 адам донор табылмай қайтыс болады: елдегі трансплантация мәселесі.

Сондай-ақ оқыңыз