
Лондонда Alatau City қаласын дамытуға арналған инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында халықаралық серіктестермен жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд долларды құрайтын 9 келісімге қол қойылды, деп жазады Kursiv.Media.
Инвестициялық кездесуге JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management компанияларын қоса алғанда, 70-тен астам халықаралық компанияның, банктер мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысты.
Жиында Alatau City қаласын дамыту тұжырымдамасы, инвестициялық мүмкіндіктері және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жолдары таныстырылды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Лондонда инвестициялық роуд-шоудың басталуы Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған.
«Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық байланысты нығайтатын бизнес, қаржы, технология және логистика орталығын құрып жатырмыз», – деді Қанат Бозымбаев.
Жиында «Alatau City Authority» арнайы басқару ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қаланың даму жоспарларын таныстырды. Оның ішінде заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылым салу, өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық аймақтарды қалыптастыру мәселелері қамтылды.
Жоба аясында шетелдік инвесторлар үшін арнайы құқықтық режим де қарастырылған. 2026 жылғы 8 мамырдағы конституциялық заңға сәйкес, Alatau City аумағында Англия мен Уэльс құқығының қағидаттарын қолдану мүмкіндігі көзделген. Бұл инвестицияларды қорғау және шетелдік компаниялар үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар халықаралық заңгерлік компаниялардың қатысуымен инвестиция тартудың құқықтық тетіктері, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, халықаралық төрелік және коммерциялық дауларды шешу мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында білім беру және медицина саласындағы жобаларға да назар аударылды. Атап айтқанда, University of Exeter, Brighton College және Repton Group компанияларымен Alatau City-де білім беру ұйымдарын ашу мәселелері пысықталмақ. Ал AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен медициналық инфрақұрылымды дамыту және ғылыми тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастық жоспарланған.
Іс-шара қорытындысы бойынша қол қойылған 9 келісім инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын дамытуды және халықаралық серіктестікті кеңейтуді қамтиды.
Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада энергиямен, сумен және газбен жабдықтау, кәріз жүйесі мен автомобиль жолдарын дамытуға арналған 28 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 35,3 млрд теңге бөлінген.
Айта кетейік, Лондондағы кездесу Alatau City жобасына халықаралық инвестиция тартуға бағытталған еуропалық роуд-шоудың алғашқы кезеңі болды. Алдағы уақытта инвестициялық таныстырылымдар Германияда жалғасады.
Тағы да оқыңыз: Алатау қаласында инвесторлардың құқығы Конституциямен қорғалатын болады