
Goldman Sachs мұнай жеткізілімінің қысқару қаупіне байланысты баға болжамын жоғарылатты. Банк 2026 жылғы желтоқсандағы Brent бағасы жөніндегі болжамын барреліне $90-нан $105-ке, ал WTI болжамын $81-ден $94-ке көтерді.
2027 жылға арналған орташа баға болжамы да өсті: Brent – $80-нен $88-ге, WTI $73-тен $78-ге.
Банк сарапшыларының пікірінше, нарық 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығу қаупін бағаға қосып отыр. Танкерлерге шабуыл жасалу ықтималдығы, инфрақұрылымның бүлінуі және Иранмен келісімге келу төңірегіндегі белгісіздік те бағаға әсер етуде.
Goldman Sachs 2027 жылға арналған базалық сценарийіне Таяу Шығыстағы және Украина төңірегіндегі қақтығыстар салдарынан әлемдік мұнай жеткізілімі тәулігіне 1 млн баррельге қысқаруы мүмкін деген болжамды енгізді.
Алайда болжамның көтерілуі нарықта қазір нақты мұнай тапшылығы бар дегенді білдірмейді. Банктің бағалауынша, қазандағы баға өсімінің басым бөлігі геосаяси тәуекел үшін бағаға қосылған үстемемен байланысты. Бұл үстеме барреліне шамамен $27-ге жеткен.