«Жоғары сенімді көрсетеді»: Қазақстан Азия даму банкінен 3,4 млрд юань қарыз алады

Жарияланды 4 Қараша 2026 10:58

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Азия даму банкінен юаньмен қомақты қарыз алынады/ kursiv.media архиві

Қаржы министрі Мәди Такиев құрылтай отырысында Азия даму банкінен қарыз алу жайлы ратификацияны таныстырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

3,4 млрд қытай юанін (227,4 млрд теңге) қарызға алу туралы келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған.

Министр атағандай, бұл қаражат үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға, өнеркәсіп пен білім беру салаларын қаржыландыруға, сондай-ақ басқа да басым бағыттарды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Азия даму банкінің қарызы Қазақстанға үш жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл мерзімге беріледі. Қарыз бойынша жалпы пайыздық мөлшерлеме жылдық 1,6 пайызды құрайды. Қаражатқа қызмет көрсету және оны өтеу келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады»,- деді Такиев.

Қазақстан Азия даму банкіне 1994 жылы қосылған. Қазіргі уақытта еліміздің банктегі үлесі 0,805 пайызды құрайды. Жалпы тартылған инвестициялар көлемі шамамен 8,7 млрд АҚШ долларына жетті.

«Азия даму банкі Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі және еліміздің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылдар ішінде Қазақстан мен Азия даму банкі арасында экономикалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын берік әрі сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Банктің белсенді қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Сонымен қатар техникалық көмек пен гранттар өтеусіз негізде беріледі. Қазақстанға осындай көлемдегі қаражаттың бөлінуі халықаралық қаржы ұйымының елімізге деген жоғары сенімін көрсетеді»,- деді Такиев.

Ол мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлардың нақты деңгейлері рұқсат етілген шектерде екенін атап өтті.

Құрылтай депутаттары заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады. 

Сондай-ақ оқыңыз