
Алматыда 14 жастағы Максим Кубаревтің өліміне қатысты тергеу басталды. «7 арнаның» хабарлауынша, дәрігерлер жеті күн бойы жасөспірімнің өмірін сақтап қалуға тырысқан.
Ата-анасының айтуынша, 8-сыныпта оқитын Максим сурет салып, спортпен айналысқан, сондай-ақ дәрігер болуды армандап жүрген. Баланың денсаулығы тамыз айының басында сыр беріп, лимфа түйіндері ұлғайған. Отбасы бірнеше мекемеге жүгініп, бала екі рет антибиотик курсын қабылдағанымен, нәтиже болмаған.
21 қазанда ата-анасы Максимді №37 қалалық емханаға апарады. Инфекционист дәрігер жаңа антибиотик тағайындап, алдымен сынама жасау керегін ескерткен. Алайда екпеден соң баланың жағдайы кенеттен күрт нашарлап кеткен.
«Оған дәріні бұлшықетке салды. Содан кейін ұлыма құсу рефлексі келіп, бүкіл денесі ауырсынғаннан, дем ала алмай қалды. Денесі құрысып, есінен танды. Олар ары-бері жүгіріп, басқа дәрігерлерді іздей бастады», — дейді анасы Мария Кубарева.
Жасөспірімді бірден Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дәрігерлер апта бойы өмірі үшін күрескенімен, мамандар баланы аман алып қала алмады.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана полицияға арыз түсірді. Олар балаға енгізілген дәрі дозасының дұрыстығын, емхана қызметкерлері мен жедел жәрдемнің әрекетін тексеруді талап етіп отыр.
Әкесі Сергей Кубаревтің айтуынша, емхана берген құжаттардағы дәрі мөлшері мен процедура кезінде айтылған сөздер сәйкес келмейді, ал журналдағы кейбір бағандар мүлдем толтырылмаған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Ал Қалалық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтып, тексеру аяқталған соң қосымша мәлімет берілетінін жеткізді.
Бұған дейін Павлодарда төрт жастағы бүлдіршін «Ажар» жекеменшік стоматология емханасына барғаннан кейін комаға түскен.