Ғылымға бөлінген 22 млрд теңге игерілсе де, жобалар нәтиже бермеген

Жарияланды 11 Қараша 2026 10:47

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
білім мен ғылымды қаржыландыру
фото: shutterstock

Құрылтайдың жалпы отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылым саласына бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуы мен одан нақты нәтиже алу мәселесіне назар аударды, деп жазады Kursiv Media.

Мемлекеттік аудит нәтижелері бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 79 жобаға 62 млрд теңге бөлінгенін көрсетті.

Алайда бұл жобалар бойынша шығындар алдын ала егжей-тегжейлі нақтыланбаған. Сонымен қатар жобаның қорытынды есебі қабылданбаса да, орындаушыларға қаржының басым бөлігі төленіп қойған. Атап айтқанда, қорытынды бағалауға дейін жоба құнының 96-98%-ы аударылған.

«16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ғылыми жобалардың тиімділігі көбіне жарияланымдар, патенттер мен нәтижелерді өндіріске енгізу актілері сияқты формалды көрсеткіштер арқылы бағаланады. Бірақ мұндай құжаттардың болуы зерттеу нәтижесінің нақты өндірістік немесе технологиялық пайда әкелгенін білдірмейді.

Бұдан бөлек, ғылыми жобалар аяқталғаннан кейін олардың нәтижелері іс жүзінде қалай пайдаланылып жатқаны жүйелі түрде бақыланбайды. Мәселен, аудит аясында іріктеп тексерілген 60 патенттің ешқайсысы бойынша оларды пайдалану туралы келісім жасалмаған.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру да өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Ғылым қорының деректерінде бұл көрсеткіш 44% деп көрсетілгенімен, бірыңғай әдістеме бойынша қайта есептегенде нақты үлесі 16%-ды ғана құраған.

«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген», – деді жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Отырыста Әлихан Смайылов ғылымның экономикадағы үлесі 0,16% ғана екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз