
Қазақстанның ірі қалаларында қазан айында негізгі капиталға салынған инвестиция былтырғы деңгейден төмендеді. Ең үлкен құлдырау Шымкентте тіркелді: инвестицияның нақты көлемі 42,2% қысқарған. Алматыда төмендеу 13,5%, Астанада 10,6% болды. Соның салдарынан үш мегаполисте де он айлық өсім баяулады. Ұлттық статистика бюросы қаңтар–қазан қорытындысын жариялады.
Өңірлердегі инвестиция: өсім мен төмендеу
2026 жылғы қаңтар–қазан · 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, нақты көлемнің өзгерісі
18 321,4 млрд теңге+4,9%
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Шымкентте өсім тоқтауға жақын
Шымкентте қазан айындағы инвестиция көлемі қыркүйекпен салыстырғанда 34,6%, ал былтырғы қазаннан 42,2% азайды. Бұл республикалық маңызы бар үш қала арасындағы ең үлкен төмендеу.
Қаңтар–қыркүйекте қаладағы инвестицияның нақты өсімі 7,4% болған еді. Қазан қорытындысы қосылғаннан кейін он айлық өсім небәрі 0,1% деңгейінде қалды. Осы кезеңде Шымкентте негізгі капиталға 633,4 млрд теңге салынған.
Алматы мен Астанада да қарқын бәсеңдеді
Алматыда қазан айындағы инвестиция былтырғы сәйкес аймен салыстырғанда 13,5% төмендеді. Дегенмен қыркүйекке қарағанда 3,2% өскен. Яғни қаладағы төмендеу жылдық салыстыруда байқалып отыр.
Он айда Алматы экономикасына 1 896 млрд теңге инвестиция салынды. Салыстырмалы бағамен өсім 1,1% болды. Қаңтар–қыркүйекте бұл көрсеткіш 3,1% еді. Осылайша бір айда жинақталған өсім қарқыны 2 п.т. баяулады.
Астанада қазан айындағы инвестиция қыркүйектен 29,1%, былтырғы қазаннан 10,6% азайды. Соның әсерінен қаңтар–қазандағы өсім 2,8%-ға дейін төмендеді. Тоғыз айдың қорытындысында өсім 5,2% болған. Он айда елордаға барлығы 2 137,8 млрд теңге инвестиция салынған.
Ел бойынша да инвестиция өсімі баяулады
Ірі қалалардағы жағдай жалпыұлттық үрдіспен сәйкес келеді. Қазақстанда қазан айындағы инвестицияның нақты көлемі былтырғы қазанмен салыстырғанда 8,1% төмендеді. Ал қаңтар–қазанда негізгі капиталға 18 321,4 млрд теңге салынғанымен, нақты өсім 4,9% болды. Тоғыз айда бұл көрсеткіш 7%-ды құраған.
Өңірлер арасында айырмашылық айқын: он айда Ұлытауда инвестиция 74,4%, Жамбыл облысында 29% өскен. Ал Жетісуда 31,7%, Қарағанды облысында 8,7%, Ақмола облысында 3,4% азайған.
Үш мегаполистегі инвестицияның қысқаруы әзірге қазан айының жылдық көрсеткішіне қатысты. Қаңтар–қазан қорытындысында Астана, Алматы және Шымкенттің үшеуінде де өсім сақталған, бірақ оның қарқыны бәсеңдеген.