
Британдық The Economist журналы 2027 жылға арналған жыл сайынғы The World Ahead 2027 болжамын ұсынды. Басылым алдағы жылы әлемдік күн тәртібіне әсер етуі мүмкін он негізгі үрдісті атады.
Болжамда АҚШ-тағы саяси өзгерістер, Иранмен соғыстың салдары, жасанды интеллектке байланысты жаңа қауіптер және әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздық басты тақырып ретінде көрсетілген.
Журнал редакторы Том Стэндиждің пікірінше, әлем біртіндеп Трамптан кейінгі кезеңге аяқ басып келеді. Дегенмен оның айтуынша, АҚШ президенті ықпалын оңайлықпен жоғалтқысы келмейді. Сондықтан алдағы уақытта оның әрекеті бұрынғыдан да күтпеген әрі агрессивті болуы мүмкін. Стэндиж Дональд Трампты «ақсақ үйрек» емес, «Angry Bird» деп сипаттаған.
The Economist болжамында 2027 жылға арналған он негізгі тақырыпқа тоқталған:
- Трамптан кейінгі кезең. АҚШ-тағы саяси мұра үшін күрес және елдің алдағы саяси бағыты.
- Иранмен соғыстың салдары. Аймақтағы күштер тепе-теңдігінің өзгеруі, энергетикалық бағыттар мен азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлер.
- Температураның жаңа рекорды. Құрғақшылық, орман өрттері, аптап ыстық және жаңартылатын энергия көздерінің дамуы.
- Жасанды интеллектке қарсылықтың күшеюі. ЖИ-дің қаржылық, саяси және киберқауіптері.
- Еуропадағы оңшыл популистердің ықпалы. Марин Ле Пеннің ықтимал жеңісі және оның Еуропалық одаққа әсері.
- Облигациялар нарығына қысым. Мемлекеттік қарыздың өсуі және мемлекеттік облигациялар кірістілігінің артуы.
- Тайвань мәселесі. Қытайдың жоспарлары және заманауи қарулы қақтығыстар сипатының өзгеруі.
- Ozempic әсері. Артық салмақтан арылуға арналған дәрілердің тұтынушылық мінез-құлық пен фармацевтика саласына ықпалы.
- Ғарышқа ұшыру құнының арзандауы. Жекеменшік ғарыш станцияларының дамуы және орбитада деректер орталықтарын құру мүмкіндігі.
- Голливудтың жаңаруы. Тәуелсіз кино өндірісінің танымалдығы артқан тұста жаңа форматтар мен көрермен іздеу.
Журналдың арнайы шығарылымына автор ретінде Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити, Финляндия президенті Александр Стубб, технология және энергетика компанияларының басшылары, сондай-ақ ғылыми орта өкілдері қатысқан.
Том Стэндиждің айтуынша, 2027 жылы әлем Иранмен соғыстың салдарымен, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлермен және жасанды интеллект дамуына байланысты қаржылық әрі киберқауіптердің күшеюімен бетпе-бет келуі мүмкін.
The World Ahead 2027 басылымының қағаз нұсқасы The Economist журналының 21 қарашадағы апталық санына енеді. Ал жеке шығарылымы 26 қарашадан бастап сатылымға шығады.