
Қазақстанда зауыттар мен өндіріс орындарына салынған инвестиция тау-кен саласына бағытталған қаржыдан асты. 2026 жылдың қаңтар-қазанында өңдеу өнеркәсібіне 2,55 трлн теңге, ал тау-кен өндірісіне 2,43 трлн теңге инвестиция салынған. Өңдеу секторындағы инвестиция нақты мәнде бір жылда 39%-ға өссе, тау-кен саласында 8%-ға азайған.
Екі сала арасындағы айырмашылық соңғы жылдары қысқарып келген. 2024 жылы тау-кен өндірісіне 3,64 трлн теңге, өңдеу өнеркәсібіне 2,1 трлн теңге салынды. 2025 жылы айырма 370 млрд теңгеге дейін азайған. Ал 2026 жылдың он айында өңдеу өнеркәсібі 115 млрд теңгеге алға шықты.
Өңдеу өнеркәсібі инвестиция тартуда тау-кен өндірісін басып озды
Қазақстан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар, трлн теңге, ағымдағы бағамен.
Теңіздегі ірі жобалар аяқталғаннан кейін не өзгерді?
Тау-кен саласындағы инвестицияның азаюы ішінара Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты. «Комментарий» мәліметіне сәйкес, «Теңізшевройл» 2016 жылдан бері жобаға 48,9 млрд доллар жұмсаған.
2024 жылдың сәуірінде ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасының нысандары, 2025 жылдың қаңтарында үшінші буын зауыты іске қосылғаннан кейін күрделі шығындар қысқарған.
2024 жылы мұнай-газ өндіруге салынған инвестиция 32,8%-ға азайып, 2,3 трлн теңге болды. 2026 жылдың тоғыз айында тағы 21%-ға төмендеген. Дегенмен тау-кен саласының өзге бағыттарында өсім бар: осы тоғыз айда металл кендерін өндіруге салынған инвестиция 11,3%-ға, көмір өндіруде 18,5%-ға артқан.
Атырауда азайған инвестицияның орнын басқа өңірлер толтырды
2023-2025 жылдары Атырау облысына салынған инвестиция 2,93 трлн теңгеден 1,85 трлн теңгеге қысқарған. Өңірдің елдегі жалпы инвестициядағы үлесі 16,6%-дан 7,9%-ға түсті.
Ал қалған өңірлерде инвестиция 47%-ға өсіп, 21,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл өсім Атыраудағы қысқарудың орнын толық жапқан.
Қазақстан бойынша инвестиция көлемі осы кезеңде 17,6 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге көтерілген. Нақты өсім 2024 жылы 8%, 2025 жылы 16,7% болған. Яғни инвестиция өсіміне мұнай-газ жобаларынан бөлек, басқа салалар мен өңірлер де көбірек үлес қоса бастаған.
Өсімге қай өндірістер үлес қосты?
2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде елдегі инвестиция көлемі 7%-ға артып, 16,1 трлн теңгеге жеткен. Жалпы өсімнің 61,2%-ын өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз еткен.
Өңдеу секторындағы инвестиция өсімінің 32%-ы химия өнеркәсібіне, негізінен тыңайтқыш өндірісіне тиесілі. Тағы 27%-ын тамақ өнеркәсібі берген. Бұл бағыттағы өсімнің басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген.
Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция өсімінің 92%-ы машиналар мен жабдықтарға жұмсалған шығындарға тиесілі болған.
Жеке инвестициялар 18,2%-ға өсіп, жалпы қаржының 85,7%-ын құраған. Бюджеттен қаржыландыру үлесі 8,7 пайыздық тармаққа төмендеп, 14,3% болған.