
Теңгенің нығаюы мен отандық бағалы қағаздардың жоғары өтімділігі шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығын арттырып, кейбір қатысушыларға 30 пайызға дейін табыс әкелді. Бұл туралы «Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің» басқарма төрағасы Иван Сердюк журналистермен кездесуде айтты.
Қазақстан шығарған мемлекеттік қарызының шамамен 8,8 пайызы, яғни 5,5–5,6 млрд доллар жаһандық инвесторлардың қолында.
Спикердің айтуынша, әлемдік инвесторлар портфелінде Қазақстан МБҚ-сының үлесі салмақты. Ал табысы инвестордың бағалы қағазды қай кезде сатып алғанына байланысты қалыптасады.
Иван Сердюк әлемдік инвесторларды отандық бағалы қағаздар өтімділігінің жоғары болуы тартқан. Өйткені Қазақстанның қаржы нарығында шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейту, жаңа өңірлік байланыстар орнату және нарық қатысушыларының өзара үйлесімді жұмысы жолға қойылып келеді.
Спикердің айтуынша, екіжақты байланыс орнату шетелдік инвесторларға, мәселен Әзербайжан, Еуропа, Америка немесе әлемнің кез келген өзге нүктесіндегі қатысушыларға қазақстандық бағалы қағаздарды тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.
2017–2018 жылдары еуропалық ірі кастодиандардың бірі — Clearstream-мен екіжақты байланыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде «Клирстримде» шоты бар шетелдік инвесторлар іс жүзінде Орталық депозитарийде де шоты бардай қазақстандық бағалы қағаздарды, әсіресе мемлекеттік облигацияларды тікелей сатып ала алады.
Спикер келтірген дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанның шығарылған мемлекеттік қарызының шамамен 8,8 пайызы (ақшалай есептегенде шамамен 5,5–5,6 млрд доллар) жаһандық инвесторлардың үлесінде.
Дәл осындай бағыттағы жоба еурооблигациялар бойынша да жүзеге асырылып жатыр, өйткені шетелдік, соның ішінде америкалық инвесторларға өздеріне үйреншікті еуропалық инфрақұрылым арқылы жұмыс істеу ыңғайлы.
МБҚ-ны Қазақстан ҚР Ұлттық банкі, Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдар шығарады. Қазақстан мембағалы қағаздарының 80%-ы Қаржы министрлігі мен әкімдіктерге тиесілі болса, 20%-ы – Ұлттық банк ноталары.