
«ҚазМұнайГаз» акционерлері 24 желтоқсанда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізеді. KASE 24 қарашада жариялаған хабарламаға сәйкес, күн тәртібіне екі мәселе енгізілген. Акционерлер директорлар кеңесінің құрамын және корпоративтік басқару кодексіне өзгерістер енгізу мәселесін қарайды.
Директорлар кеңесінің құрамы өзгеруі мүмкін
Нұрлан Жұмағұлов өз жазбасында «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі жемқорлық дауларынан кейін «ҚазМұнайГаздың» директорлар кеңесінің құрамы өзгеруі мүмкін деген пікір білдірді. Оның пайымынша, Жақыпов қызмет атқарған кезеңде қор «ҚазМұнайГаздың» күнделікті жұмысына елеулі ықпал еткен. Жұмағұлов қордың шешімдерімен келіспеген басшыларға сөгіс беріліп, жауапкершілік кейде басқарма төрағасының орынбасарларына жүктелгенін жазды.
Ол мысал ретінде шығынға батқан «Polimer Production» кәсіпорнын атады. Жұмағұловтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» бұл кәсіпорынды Samruk-Kazyna Ondeu компаниясынан «ҚазМұнайГазға» беру туралы шешім қабылдаған. Жазба авторы кәсіпорынның қызметі «ҚазМұнайГаздың» негізгі бизнесіне жатпайды деп есептейді.
Сондай ақ сарапшы Ұзақбай Қарабалинді директорлар кеңесіне қайтаруды ұсынды. Оның пікірінше, Қарабалиннің тәжірибесі мен беделі кеңесте қордың жекелеген тапсырмаларына қатысты дербес ұстаным білдіруге мүмкіндік береді.
Лондонда акция орналастыруды ұсынды
Жұмағұлов «ҚазМұнайГазды» «Самұрық-Қазынаның» бақылауынан шығарып, компания акцияларының 20%-ына дейінгі үлесін Лондон қор биржасында қайталама орналастыруды (SPO) ұсынды. Сондай-ақ ол директорлар кеңесіне шетелдік мамандарды тәуелсіз директор ретінде шақыру қажет деп санайды.
Оның пікірінше, ҚазМұнайГаз негізгі қызметіне қатысы жоқ тапсырмалардан, соның ішінде Оралда құны 50 млн доллар болатын спорт кешенін салу сияқты жобалардан бас тартуы керек. Жұмағұлов компанияның нарықтық құнын арттыруға әлеуеті жоғары деп есептейді.