
Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цехында пештің жалыны тоқтамайды. Сол цехтің жанында қазір тынымсыз 500-ге жуық жұмысшы қызмет етіп жатыр. Себебі осы пештен бөлінетін ферроқорытпа газына екінші мәрте өмір сыйлап, электр қуатына айналдыратын станция бой көтеруде. Станция іске қосылған соң феррохром өндірісінен шығатын газды пайдаланып, жылына 532 млн кВт/сағатқа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Kursiv.media тілшісі Астанадан Ақтөбеге арнайы барып, 80 жылдық тарихы бар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жүзеге асып жатқан осы маңызды жобаның барысымен танысты.
Станция салудың өзі күрделі жұмыс болса, оны тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның инфрақұрылымына кіріктіру одан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан құрылыс кезінде қауіпсіздік техникасына ерекше мән беріледі.

Жұмысшылардың арнайы киімін зауытқа барған журналистер де киіп кірді. Қауіпті өндіріс аумағына кірген әр адам белгіленген бағытпен жүріп, сол жолмен кері шығуға міндетті. Өйткені металл балқыту жұмыстары жоғары температура мен үлкен қуатты қажет етеді. Мұндай ортада арнайы қорғаныс киімі мен қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.
Газдан электр қуатын өндіру
Ал станцияның өзіне келсек, ол іске қосылғаннан кейін газ арнайы құбырлар арқылы жиналып, газгольдерге жеткізіледі. Оның көлемі – 25 мың текше метр. Газ сонда жинақталып, араластырылып, құрамы біркелкіленгеннен кейін электр станциясының бас корпусындағы арнайы қазандықтарға беріледі.
Жобаның бас инженері Артем Пирожковтың айтуынша, қазандықтарда газ жағылып, жоғары қысымды бу өндіріледі. Ол бу турбинасына бағытталып, турбина электр энергиясын өндіреді.

«Ал өндірілген электр қуаты зауыттың бөлімшелеріне, соның ішінде №4 балқыту цехына қайта беріледі. Болжам бойынша, бұл цехтің электр энергиясын пайдалану тиімділігін шамамен 20 пайызға арттырады. Жобаның тағы бір маңызды нәтижесіне қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуды жатқызуға болады. Қазір атмосфераға тарайтын жылу энергиясы арнайы технологиялық қондырғыларда кәдеге жаратылады. Сонымен қатар газды жаққаннан кейін пайда болатын шығарындылар заманауи экологиялық талаптарға сай қосымша тазартылады», – деді Пирожков.
Құрылыстың негізгі кезеңін 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін нысанды ыстық күйде іске қосу-баптау жұмыстары басталады. Жыл ортасында станцияны кешенді сынақтан өткізіп, оның жобалық көрсеткіштерін растау көзделген.
«Қазір құрылыс алаңында жұмысшылар саны ең жоғары деңгейге жетті. Құрылыс-монтаж жұмыстарына шамамен 500 адам тартылды. Ал станция құрылысына арналған келісімшарт құны шамамен 81 млн долларды құрайды. Бұл компанияның өз қаражаты есебінен салынып жатыр. Құрылыс толық пайдалануға берілген кезде тұрақты түрде 50-55 маман жұмыспен қамтылады», – деді бас инженер.
Құрылыс 2025 жылдың соңында басталған. Қазір станцияның бірнеше нысанында жұмыс қатар жүргізіліп жатыр. Қазандарды құрастырумен бірге бас корпус пен турбина бөлімі, газгольдер, градирня және биіктігі 80 метр түтін мұржасы салынып жатыр. Инженерлік желілер тартылып, электр-техникалық инфрақұрылым орнатылуда. Негізгі технологиялық жабдықтың едәуір бөлігі құрылыс алаңына жеткізілген.
Экология және энергия тұрақтылығы
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Кәдеге жарату электр станциясының құрылысы да ERG компаниясының экологиялық стратегиясымен сабақтас.

«Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабековтің айтуынша, феррохром өндірісінде пайда болатын газды қайта пайдалану дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, зауыттың энергетикалық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл мемлекеттің айқын міндеті, оны жүзеге асыруға өнеркәсіп саласы да үлес қосуы керек. Біз ферроқорытпа газын электр энергиясын өндіруге пайдалану арқылы қолда бар ресурсты тиімді жұмсап, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтамыз. Сонымен қатар меншікті электр энергиясын өндіру зауыттың және жалпы өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтады», – деді ол.
Құрылысты жүргізетін мердігер қалай таңдалды
Құрылысты жүргізу үшін қытай мердігері бекер таңдалмаған. 2015–2023 жылдар аралығында жобалау тобы ферроқорытпа газын толық жағу технологиясын зерттеп, тәжірибелер жүргізген.

Ресей мен ТМД елдерінен осы талаптарға сай келетін шешім табылмаған. Ал Қытайда мұндай технология бар екені анықталып, жобада соны қолдану туралы шешім қабылданды.

«Станциядан шығатын барлық газ бен өзге де шығарындылар қолданыстағы экологиялық нормаларға сәйкес болады. Бұл технология біз үшін жаңа болғанымен, әлемде бұрыннан қолданылып келеді. Мысалы, Қытайда экология мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Халқы тығыз орналасқан елде қоршаған ортаны қорғау мәселесі үнемі өзекті. Сондықтан онда соңғы 10–15 жылда жасыл энергетика бағытындағы жобалар белсенді дамып келеді. Біз технологияны таңдау кезінде бірнеше шешімді қарастырдық. Нәтижесінде Қытайда қолданылып жүрген арнайы жанарғыларды пайдалануды ұйғардық. Олар ферроқорытпа газын табиғи газбен араластырмай-ақ, 100 пайыз жағуға мүмкіндік береді. Бұл технологияның тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген», – дейді жоба жетекшісі Медет Сатов.

Жобаның экологиялық тиімділігін де атап өткен жөн. Ол көміртегі ізін азайтуға, атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемін төмендетуге және энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауыттың ғана емес, бүкіл өңірдің энергиямен тұрақты қамтамасыз етілуіне ықпал етеді. Мұның бәрі қоршаған ортаны қорғап, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.
Әлемдегі ең қуатты пештер – 4 млн тонна ферроқорытпа
Станциямен қатар журналистер зауыттың ең озық бөлімшелерінің бірі – №4 балқыту цехын да аралады. Цех 2014 жылы пайдалануға берілген. Мұнда әрқайсысының қуаты 72 МВт болатын төрт тұрақты тоқ пеші орнатылған. Олар өз санатындағы әлемдегі ең қуатты пештердің қатарына жатады. Қазір пештер 75 МВт қуатпен жұмыс істейді.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндіріс жөніндегі директоры Нұржан Қайрақбаевтың айтуынша, №4 балқыту цехі 4 млн тонна ферроқорытпа өндірген. Цех қазіргі заманға сай барлық технологиямен жабдықталған. Цехте 470 адам қызмет етсе, зауытта 3 мыңнан астам маман жұмыс істейді.

2025 жылғы шілдеде №43 пеш бір технологиялық циклде 177 тонна жоғары көміртекті феррохром балқытып, әлемдік рекорд орнатты. Бұл нәтиже World Book of Records кітабына ресми түрде тіркелген.
№4 цех іске қосылғаннан кейін зауыттың өндірістік мүмкіндігі екі еседен астам артқан. Ферроқорытпа өндірісі жылына 300 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қазір зауыт өнімінің шамамен 60 пайызы осы цехта өндіріледі.

Зауыт мамандары жылдар бойы бірегей технологияны меңгеріп қана қоймай, бастапқы жобалық көрсеткіштерден де асып түскен. Енді жаңа электр станциясы өндірісте пайда болатын газды кәдеге жаратып, кәсіпорынның энергиямен қамтылуына үлес қоспақ.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы. Оның өнімдері Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдеріне экспортталады.