
JPMorgan 2027 жылдың алғашқы тоқсанында АҚШ доллары, әсіресе, пайыздық мөлшерлемесі төмен елдердің валюталарына қатысты нығаяды деп отыр. Банктің 24 қарашадағы болжамына сай, еуро 1,05 долларға дейін арзандауы, ал бір доллардың бағамы 160–164 жапон иеніне дейін көтерілуі мүмкін. Банк доллардың жыл басында нығаятынына көбірек сенімді. Тұтас 2027 жылға қатысты болжамы сақ.
JPMorgan экономистері АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені тағы үш рет көтереді деп есептейді. Бұл болжам орындалса, АҚШ-тың кірістілік бойынша басымдығы 1980-жылдардан бергі ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін. Банк есебінше, мұндай жағдайда доллар әлемдегі валюталардың 60%-дан астамына қарағанда жоғары кіріс береді.
Доллардың есептік құны төмендеді
Crédit Agricole-дің VALFeX моделіне сай, 2026 жылдың үшінші тоқсанында доллардың ұзақ мерзімді әділ құны орта есеппен 0,65% төмендеген. Сол кезеңде оның нарықтағы бағамы орта есеппен 0,22% өскен. Банк есептік құнның төмендеуін негізінен АҚШ-тағы өнімділіктің басқа елдермен салыстырғанда әлсіреуімен байланыстырады.
Модель бойынша еуроның тепе-теңдік бағамы 1,1050 доллардан 1,1140 долларға көтерілген. Ал доллардың тепе-теңдік бағамы 116,93 иеннен 116,32 иенге түскен. Банк нарықтағы бағамның осы деңгейлерге қашан жететінін көрсетпеген.
ЖИ компанияларының акциялары арзандаса, доллар қалай өзгереді?
Goldman Sachs сарапшылары жасанды интеллект саласындағы компаниялардың акциялары күрт арзандаса, доллар уақытша нығаюы мүмкін деп есептейді. Мұндай кезде инвесторлардың қауіпсіз активтерге сұранысы артып, АҚШ акцияларының құлдырауынан болатын әсерден басым түсуі ықтимал.
Орта мерзімде, банк болжамынша, ЖИ саласына құйылатын инвестиция қарқыны бәсеңдеп, оның инфляцияға ықпалы азайса, бұл доллар бағамына қысым түсіреді.