1 маусымнан бастап Түркия аумағына кіру ережелері өзгерді
Түркия 2021 жылдың 1 маусымынан бастап елге кіру ережелерін өзгертті. Бұл туралы Ыстанбұлдағы Қазақстан Бас консулдығы хабарлайды.
1. Ауғанстан, Бангладеш, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан, Непал, Пәкістан және Шри-Ланкадан келген немесе соңғы 14 күнде осы елдерде болған жолаушылар соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тесттің теріс нәтижесін ұсынуы қажет. Аталған елдерден келген жолаушылар 14 күндiк карантинге алынады. Карантиннің соңында ПТР тест нәтижесі теріс болса, карантиндік шара тоқтатылады.
2. Ұлыбритания, Иран, Мысыр және Сингапурдан келетін жолаушылардан соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестінің теріс нәтижесі талап етіледі.
3. Алғашқы екі тармақта көрсетілмеген елдерден, соның ішінде Қазақстаннан келген жолаушылардан тиісті мемлекеттің ресми органдары тарапынан рәсімделген төмендегі құжаттардың бірі ұсынылған жағдайда, ПТР тесттің теріс нәтижесі талап етілмейді:
Түркияға келуден кем дегенде 14 күн бұрын вакцинацияланғаны туралы ресми құжат;
соңғы 6 айда коронавируспен ауырғаны және жазылғаны жайлы құжат;
Аталған құжаттар болмаған жағдайда, төмендегілердің біреуі ұсынылуы керек:
Түркияға кірерден бұрын соңғы 72 сағат ішінде жасалған ПТР тесттің теріс нәтижесi;
Түркияға кірерден бұрын соңғы 48 сағат ішінде жасалған жедел антигенді анықтау тестінің нәтижелері;
4. Екінші тармақта көрсетілген елдерден келетін жолаушылардан басқа, Түркияға келетін тұлғалардан ПТР тестін әуежайда немесе бақылау-өткізу пункттерінде өту талап етілуі мүмкін. Бұл жағдайда талдау үшін сынамалар алынғаннан кейін жолаушыларға соңғы бағытына (үйге, қонақ үйге, тұрғылықты жерге) баруға рұқсат беріледі. Тесттің нәтижесі оң болса, жолаушылардың тиісті емдеуден өтуі қажет болады.