Қарағандыда үш қабатты коттеджде тұратын отбасы әлеуметтік көмек алып келген

Жарияланды
Аталмыш отбасы өзінің материалдық жағдайы туралы шынайы ақпарат бермеген

Қарағандыда үш қабатты коттеджде тұратын отбасының Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып келгені анықталды. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова айтып берді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 

«Қарағанды қаласында 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 2019 жылғы мамыр айында АӘК тағайындауға өтініш білдірді. Отбасына ай сайын жалпы сомасы 105 мың 843 теңгені құрайтын 2,4 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек тағайындалды. Біздің Басқарма тарапынан АӘК тағайындаудың заңдылығына жүргізілген тексеру барысында бұл отбасының жалпы ауданы 100 шаршы метрден астам үш қабатты коттеджде тұратындығы анықталды. Ол аз болса, жеке меншігі де көлігі бар, яғни отбасының тұрмыс жағдайы жеткілікті. Аталған отбасына қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде, оларға АӘК тағайындаудан бас тартылды», – деді Әсем Жүнісбекова.

Қарағанды облысы бойынша, барлығы, 92 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу уақытша және 890 отбасына мүлде тоқтатылды. 1 мың 621 отбасына қайта есептеу жүргізілді. 

Естеріңізге салсақ, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығына жүргізілген мониторинг нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 74 мыңға жуығы табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталған-ды.

Сондай-ақ оқыңыз