Жаңа жыл қамын қарашада ойла

Жарияланды
Мерекеге «мимен» дайындық жасаңыз

Алда жаңа жыл келе жатыр. Демек, мерекенің қамын қарашада ойлау керек деген сөз. Осы айдағы жалақыны дұрыстап жоспарлап жаратпасаңыз, желтоқсанда әбден шығындалып, тіпті қарызға батып қалуыңыз бек мүмкін. Осы ретте сізге арнап бірнеше кеңес бергіміз келіп отыр. Кәдеңізге жарасын!

1.Бюджет жоспарлау

Әлбетте, әдеттегідей біздің тараптан ең жиі айтылатын кеңес — ақшаны қалай тиімді жаратуға қатысты жоспар жасау. Естеріңізде болса, осыған дейін бірнеше құнды кеңес айтқан едік. Осы жолы да бірінші айтарымыз — бюджет жоспарлау. Жаңа жыл жақындады дегенше, дүкен сөрелері қызылды-жасылды, көздің жауын алатын түрлі сыйлықтар толады десеңізші. Расымен, айналып өтуді қиындататын мұндай тәсіл көп адамның ойын сан-саққа жүгіртеді. Егер сізде нақты қанша қаражат бары, қанша жұмсау керегі, қанша адамға сыйлық алу қажет екені туралы ақпарат болса, онда жағдайды реттеу оңай. Себебі бұл жағдайда сіздің көз алдыңызға нақты картина болады. Дүкеннен көрген дүниенің бәрін алып алып, кассаға келгенде «картамда өзі қанша бар?», «сөмкемде артық ақша бар ма еді, қалтамда ше?» деп тұрмас үшін есептеңіз. 

Бірінші кезекте, жалпы есепте қанша ақша барын анықтау керек. Одан кейін күнделікті шығындарыңызды алып тастағанда қалған ақшаның қанша бөлігін сыйлыққа, жаңа жылдық отырысқа, азық-түлікке, өзіңізге мерекелік киім не басқа бір атрибутқа қанша кетіре аласыз, соны біліп алуыңыз қажет. Бәрін тізім қылып жазыңыз. Ерінбей осыны жасасыңыз, есесіне, ақшаңызды берекелі жұмсайсыз. Көрінген затқа көңіліңізді құлата бермей, жүйелі шығындаласыз. 

2. Не киесіз? Алдын-ала ойланыңыз

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды ескерсек, жаңа жылда қанша адаммен және қайда өткізеріңіз белгісіз болып отырған шығар. Бірақ тіпті үйде, жалғыз қарсы алатын болсаңыз да, мерекелік атмосфера қажет-ақ. Одан қала берді, әлдекім сізді құттықтау үшін видеоқоңырау шалып қалса, мойны созылған футболкамен отырған жөн болмайды. «Жаңа жылда — жаңа киім» қағидасын ұстанатындардан болсаңыз, ендеше дүкендерде жаңа жылдық акциялар жүре бастайды. Оңтайлы сәтті пайдаланып үлгеріңіз. «Тойға барсаң, бұрын бар. Бұрын барсаң, орын бар» демекші, киімді жеңілдікпен алар болсаңыз, ертерек барыңыз. Әйтпесе, соңында сіздің өлшеміңізге де, талғамыңызға да сәйкес келмейтін нұсқалар ғана қалуы мүмкін. Сондықтан шоппинг жасауды жоспарыңызға қосыңыз. Әрі бұл да — жақсы терапия. Жұмыстан шаршағанда, өзіңізді осылай еркелетіп тұрсаңыз әбден жарасады. 

3. Жаңа жылда не істейсіз?

Дәл таяп қалғанда жүгіргеннен гөрі алдын-ала жоспарлаған жақсы. Сонда қапылмай, асықпай-аптықтай, жақсы демалыс түрін таба аласыз. Бәлкім, шанамен сырғанау ұнайтын болар. Не болмаса, тегін концерт жүріп жатуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желіде не арнайы сайттарда жарияланатын афишаларды барынша бақылап жүріңіз. Көңіліңізге жағатын демалыс түрі табылары анық. Көп адамның жиналуына тыйым салынғанымен, ең жақын бірнеше достың басы қосылса, онда тұрған не бар? Не болмаса, отбасыңызбен көңілді уақыт өткізудің әдістерін іздеп көріңіз.

4. Сыйлық алып қойыңыз

Айтқандай, бюджетті жоспарлағанда жаңа жылдық сыйлықтарға кететін шығынды есептеу маңызды. Одан бөлек, жыл соңында шаруа да көбейіп кетіп, көзіңізді ашқанда 30 желтоқсан екені есіңізге түсуі мүмкін. Сөйтіп ең соңғы сәтте дүкендерге жүгіріп, қырсыққанда ол дүкендер жабық болып не дені дұрыс сыйлық табылмай қалып дегендей форс-мажор оқиғаларға тап болмасыңызға кім кепіл? Ендеше, жаңа жылдың «исі» шыға бастағанда бірден қамдануға кірісіңіз. Асығыстықпен әлдекімді ұмытып кету қаупі тағы бар. Сондықтан асықпай, қарашаның ортасында тізім жасаңыз. Осылайша, он ойланып, ұмыт қалдырғандарды тізімге қосып, бюджетті жоспарлай аласыз.  

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде онлайн тапсырыстың дәурені жүріп тұр. Желідегі парақшасынан не сайттан тапсырыс беріп, есігіңіздің алдына әкелетін етуге де болады. Бұл енді уақыты тығыз жандарға таптырмас әдіс. Ал сыйлық таңдағаннан ерекше әсер алатындар, әлбетте, дүкендердің табалдырығын тоздырса, мархабат! Сыйлықтардың денін алып қойған соң, ұсақ-түйекті желтоқсанның үлесіне қалдыруға болады. Мысалы түрлі тәтті, шыршаны безендіруге арналған ойыншықтар дегендей.  

5. Жаңа жылдық мәзірді әзірлеп қойған дұрыс

Жаңа жылды достарыңызбен қарсы алатын болсаңыз да, отбасыңызбен ғана отыратын болсаңыз да, мәзірді алдын-ала ойластырыңыз. Қандай тамақ әзірленеді, қанша адам болады, азық-түлікке қанша ақша кетеді — есептеу қажет. Егер бәрін шамалап тізіп қоятын болсаңыз, желтоқсанда еш уайымсыз дүкенге сол тізіммен бара саласыз. Тіпті кейбірі мерзімі өтпей, ұзақ сақталатын заттарды тіпті қарашада алып қояды. Ондай қатты пысық болмасаңыз, тым құрығанда дастархан мәзірін бағамдап қойыңыз, артық болмайды.  

 
Сондай-ақ оқыңыз