Биыл тағы 5 жол ақылы болады

Жарияланды (жаңартылды )
І санатқа жататын жолдарда ақылы жүйе енгізілмек

Биыл І санаттағы автожолдардың 5 бөлігінде ақылы жүйе енгізіледі, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі. 

 Бұл:

  • «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ташкент),
  •  Щучинск-Көкшетау
  • Қапшағай-Талдықорған (Талдықорған қ.айналма жолы);
  • Нұр-Сұлтан-Павлодар;
  •  Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен  және Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларының айналма жолдары. 

Қазіргі кезде жұмыс тобы аталған учаскелердің жағдайын тексеріп жүр. Жол ақысы учаске техникалық санатқа толық сай келгенде ғана алынады.

Жаңа ақылы учаскелердегі төлемақы мөлшері қолданыстағы ақылы жолдарға (Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас) сәйкес есептеледі. Қазіргі төлем мөлшерлемелері 2013 жылы енгізілген, одан бері қымбаттамапты. 

Жолдарды ақылы ету барысында жол бойындағы инфрақұрылым да ескеріледі. Бұл жүргізушілер мен жолаушылар үшін салынатын кешендер: демалыс алаңдары, тұрақтар, қонақ үй, супермаркет, дәретхана, дәріханалар және т.б.

Осыдан санаулы күн бұры алыс жолға жүк көлігін айдайтын жүргізушілер ақылы жолдардың енгізілуіне қарсылық танытып, наразылық білдірген еді. Олар әуелі жолдарды сапалы етіп төсеп, интернет жүргізіп, сосын барып ақша талап етсін дейді. Осы мәселеге орай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз уәжін айтқан-ды.

Министрдің айтуынша, біздің елде төрт ақылы жол учаскесі бар: Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас. 680 шақырым жолдан 5,7 млрд теңге табыс түсіпті. Ведомство басшысы біздің елді Еуропамен салыстыра беру орынсыз деген.

Ал күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пен «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысқан жиында  автожол және көлік салаларының дамуы мәселелері талқыға салынған

Бұған дейін «Ақ жолдың» депутаттары төлем жүйесінің енгізілуіне наразылық білдірген жүргізушілер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен болатын.

Вице-министр Берік Қамалиев депутаттардың сын-ескертпесіне жауап беріп, көлік және автомобиль жолдары саласындағы қазіргі ахуалдан хабардар етті. Сондай-ақ, ол ақылы жол тарифтері бес есеге қымбаттайтыны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды деп сендірді.

Тарифтер 2013 жылдан, яғни «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолына төлем жүйесі енгізілгеннен бері өзгермеген:

  • Жеңіл көліктерге 1 шақырым үшін –1 теңге. Ақылы учаскеге қарасты елді мекенде тіркелген жеңіл автокөлік иелеріне құны 1000 теңгелік бір жылдық абонемент бар;
  • Автобустар отыратын орын санына байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 15 теңгеге дейін төлейді Қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемақыдан босатылған;
  • Жүк көліктері жүк көтергіштігіне байланысты, 1 шақырым үшін  – 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.

2020 жылы барлық 4 ақылы учаскеден 5,7 млрд. теңге түсім түскен. А биыл ақылы учаскелерден 2,3 млрд теңге жиналған. 

Сондай-ақ оқыңыз