Денсаулық сақтау министрлігі: Дәрігерлерді түрмеге жабудың қажеті жоқ
Соңғы кездегі атышулы істерге қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі оларды бас бостандығынан айыру қажет емес, дәрігерлерді пациенттері күтіп отыр деп тұжырымдайды.
«Дәрігерлерді өзге қылмыскерлермен бірге түрмеге отырғызуға болмайды. Бостандықты шектеудің өзге де балама түрлері бар. Егер сот кінәсіз деп таныса, ол операция үстеліне, пациенттеріне оралуы керек. Дәрігер үшін ең маңыздысы – пациенттің сенімін жоғалтпау»,– деді дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Сонымен қатар, ол кейінгі кезде трансплантация саны азайып келе жатқанын да айтып өтті. Мәселен, 2017 жылы жансыз донордан 217 трансплантация жасалса, 2018 жылы 180 ота өткен. Ал тірі донордан 2017 жылы 86 ота жасалса, 2018 жылы 32 операция жасалған.
Осы кезде жыл сайын кезекте тұрған 100-ден аса пациент отаға жете алмай, көз жұмады. Вице-министр сонымен қатар, трансплантолог Абылай Донбайдың қамауға алынуы туралы пікір білдіріп өтті. Оның айтуынша, Абылай Донбай өзін кәсіби білікті маман ретінде танытқан.
«Құқық бұзушылық, қылмыс болды ма, жоқ па – оны сот дәлелдейді»,– деп түйіндеді Ақтаева.