Болашақта ЖОО-ын бітірушілер екі диплом алуы мүмкін
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басқа елдердегі Қазақстан елшіліктерінің өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар қазақстандық жоғары білім саласын интернационализациялау бойынша халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми Telegram каналы хабарлады.
Министрлік тұжырымдамалар дайындап, 20 келісімшартқа қол қоюға дайындалып жатыр, олар келесі мәселелерді қамтитын болады:
бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту;
жоғары оқу орындарында қос дипломды бағдарламалар ашу;
тепе-тең негізде гранттар бөлу;
білім туралы құжаттарды тану.
Алмасу бағдарламасы аясында жыл сайын шетелдік ЖОО-ларда 610-нан астам қазақстандық студент грант бойынша білім алады. Сонымен қатар еліміздің жоғары оқу орындарында квота саны артты, бүгінде 345-ке жуық шетелдік азаматтың Қазақстанда білім алуына болады.