162 мың адам жұмыссыз қалады. Карантин кезінде жұмыссыздарға берілетін төлем мөлшері көбейетін болды
Елімізде қайтадан карантин енгізілетін болса онда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін төлем мөлшері артуы мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәжілістегі үкімет сағатында мәлімдеді.
«Біз жедел әрекет етуге дайын болуымыз керек. Инфрақұрылымдық жобалар, жұмыспен қамтудың жол картасын жалғастыру есебінен жұмыс орындарын құру және сақтау бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында субсидия берілетін жұмыс орындары санын көбейту жоспарланып отыр. Қысқартылған жұмыс режиміне көшкен жағдайда жалақының бір бөлігін ең төменгі жалақы мөлшерінде төлеу немесе өтемақы беру жүйесі енгізілуі мүмкін. Жұмыссыз азаматтар үшін карантин кезінде төлемдерді көбейту бойынша ұсыныстар енгізу жоспарда бар. Карантиннің қайта енгізілуі жұмысшылардың жұмыстан қысқаруына және олардың табысының төмендеуіне әкеліп соғады» деді министр.
Министрдің айтуынша, елімізде қайта карантин орнаған жағдайда 2,2 миллион адам көмекке мұқтаж болады. 4 миллионға жуық адам өз жұмыстарын сақтап қала алады. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп және денсаулық сақтау саласының жұмысшылары болмақ. Министрліктің болжамы осындай.
«Әрбір үшінші немесе 2,5 млн адам қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуі мүмкін. 2 миллионнан астам адамның жұмыс режимі қысқарып, олар ақылы немесе ақысыз еңбек демалысына жіберіледі. Бұл негізінен сауда, транспорт, қызмет көрсету, тамақтану саласы жұмысшыларына қатысты. Есептеп қарасақ, 162 мың адам жұмыссыз қалуы ықтимал», – дейді министр.
Нұрымбетовтың айтуынша, жұмыс күшіне айналған азаматтар жасының ұлғаюы да еңбек нарығында елеулі мәнге ие. Министрліктің 5 жыл алға жасаған анализі бойынша, 2025 жылға таман еңбек нарығына келіп қосылатын жастар саны 256 мыңға дейін өседі.
«Еңбекке қабілетті азаматтар саны 12,1 млн адамға дейін көбейеді деп күтілуде. 2022 жылы еңбек жасына жеткен жұмыс күшін жұмыс орнымен қамту тапшылығы сезіледі. 2025 жылы максималды тапшылық 87 мың жұмыс орнын құрамақ. Сол себепті, алдағы уақытта қосымша жұмыс орындарын ашу өте маңызды»,– деп атап өтті Нұрымбетов.
Ведомство басшысының айтуынша, жұмыссыздық проблемасын шешу үшін «Еңбек» бағдарламасы ерекше маңызды. Оның сөзінше, 2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам қатысқан. Биылдың өзінде 430 мың адам бағдарлама игілігін көрген.
«Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, микро несие және грант беру арқылы 153 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 46 мың қатысушы 8 000 АЕК көлемінде несие (6 пайызбен 7 жылға) алды. Олардың 63 пайызы өз кәсіптерін ашып үлгерді» деді министр.
Сан айғақ:
- «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін грант мөлшері – 200 АЕК (555 мың теңге).
- Бұл грантты 65 мың адам алып үлгерген.
- Мемлекет субсидиялайтын 586 мың уақытша жұмыс орны құрылды.
- Соның арқасында 115 мың түлек (ЖОО мен кәсіптік білім беру мекеме түлектері) жұмыспен қамтылды.
- Әрбір оныншы түлек 69,5 мың жалақы алуда.
- 84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты.
- 387 мың адам (2017-2020) қоғамдық жұмыстарға жіберілді.
- Қоғамдық жұмыстағы орташа жалақы – 57,4 мың теңге.
- 2017-2019 жылдары тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есеге өсті.
«Біз еңбек өтілі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Тағы бір бастама – «Ұрпақтар келісімшарты». Ол бойынша зейнетке шығатын мамандардың алты ай бойы өз тәжірибесі мен жұмыс орнын жаңа кадрларға «табыстайды». Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарды атаулы жұмыспен қамтуды жүзеге асырамыз. Бұл ретте 3115 адам тұрақты жұмысқа, 6877 адам уақытша жұмысқа орналасты» деді Біржан Нұрымбетов.
Министр пандемия кезінде үкіметтің халықты қолдауы жалғасатын болады деді. ТЖ кезінде 4,6 млн адамға, одан кейінгі карантин кезінде 2,4 млн адамға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі (42 500) әлеуметтік төлем тағайындалған.
Сан айғақ:
- 179 мың адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыс тапты.
- Олардың орташа жалақысы – 130 мың теңге.
- 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді.
- 19 мың шағын және орта бизнес субъектісі 370 млрд теңгеге тапсырыс алды.
- Келешекте бағдарлама аясында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.