Сыртқы істер министрі ресейлік депутаттардың мәлімдемесін бос сандырақ деді

Жарияланды
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, көрші екі ел қарым-қатынасын халықаралық құқық негізінде дамыта береді

Ресей мемдумасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоровтың Қазақстан туралы айтқандары Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейді. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәжіліс отырысында осылай деп мәлімдеді. 

Бүгін мәжіліс отырысында депутаттар еліміздің сыртқы істер министрінен ресейлік депутаттардың Қазақстанға қатысты «мәлімдемелерінен» соң қандай шара қабылданып жатқанын сұрады. 

Министрдің айтуынша, депутат Никоновтың мәлімдемесінен кейін Ресей Федерациясы елшілігінің уақытша өкілі Сыртқы істер министрлігіне шақырылған. Осыдан кейін бұл мәлімдеме бойынша  Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдаған.

«Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, олар ресми түрде жауап бермейді. Бірақ, қабылдаған іс-шаралар туралы бізге хабарлады. Олар парламентке, президент әкімшілігіне хабарласып, мұндай сөздерді айтуға болмайды деп ескерту жасаған», – деді Тілеуберді. 

Бұл ретте, Қазақстан көрші Ресеймен халықаралық құқық деңгейінде қарым-қатынасын дамыта береді деп айтып өтті.

 «Маған қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде бұл менің абыройыма тиеді. Жоғары білімі бола тұра, Отанымыздың тарихын білетін адам ретінде былай жауап берер едім: «это –  бред сивой кобылы». Мұндай мәселелер көтерілгенде бірінші кезекте тарихшыларға, ғалымдарға сүйену керек. Сыртқы істер министрі ретінде бұл сөздер Ресей Федерациясының ресми позициясына сай келмейді деп айта аламын. Екі мемлекет арасында стратегиялық әріптестік орнаған және ол барлық екіжақты құжаттарда айқын көрініс тапқан, сондықтан біз Ресей Федерациясымен қарым-қатынастарымызды халықаралық құқық негізінде дамытатын боламыз», – деді министр.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара заңнамалық деңгейде делимитацияланғанын, екіжақты келісімге қол қойылғанын айтып өтті.

Сондай-ақ оқыңыз