Промоакциялар мен промокодтарды ұнататындарға қауіп төнді

Жарияланды
Әлеуметтік инженерияны қолданатын алаяқтықтың жаңа түрлері қарқын алуда

Көбінесе Желідегі акциялар мен ойындарға қатысатын, олар туралы ақпаратты бір-бірімен белсенді бөлісетін жасөспірімдер олардан зардап шегіп отыр. 

Олардың құрбаны болмау үшін не істеу керектігін Fingramota.kz сайты жариялады.

«Ұтыс» – бұл әзіл емес

Алаяқтықтың бұл түрі жаңа емес, бірақ айтарлықтай дамып кетті. Пайдаланушыларға онлайн-форматтағы түрлі лотереялар мен ұтыстарға қатысу ұсынылады. Хабарламалар танымал мессенджерлер арқылы таратылады және әртүрлі қауымдастықтарда, арналар мен боттарда жарияланады.

«Достарың неғұрлым көп болып, олардың көбісі сенің сілтемең арқылы кірсе, ұтысқа бір табан жақын боласың» деген алдамшы хабарландырулар кездесіп отырады. Мұндай ұтыс ойындарындағы жүлделер: заманауи смартфондар, сымсыз құлаққаптар, электросамокаттар, ноутбуктер және тіпті тікелей ақшалай төлемдер. Бірақ сыйлығыңызды алып кету үшін ұйымдастырушылар сізден картаңыздың толық мәліметтерін сұрайды, ал кейбір кезде «комиссияны» енгізуді сұрайды. Кейбір күрделі қызметтер тіпті жүлдені ақшалай түрде алуды ұсынады. Бұл үшін банк картасының деректемелері (жеңімпаздың өзі немесе оның ата-анасының деректемелерінің болуы маңызды емес) міндетті түрде қажет, оның ішінде толық, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы кодты сұратады.

Жүлдені алуға сілтеме көбіне фишингтік сайтқа әкеледі, ол әдетте жарқын және жеңіске арналған құттықтаулармен және қанағаттанған жеңімпаздардың болжамды пікірлерімен толықтырылған. Алайда оған енгізілген барлық деректер алаяқтардың қолына түседі.

Есіңізде болсын, егер сіз өз деректеріңізді алаяқтарға өзіңіз берген болсаңыз, онда сіздің картаңызды шығарған банк бұл үшін жауап бермейді және сізге шығындарды өтеуге міндетті емес.

Промокод – үнемі жеңілдік деген сөз емес

Алаяқтықтың тағы бір ұқсас әдісі фишингке негізделген. Бірақ олар сізге ұтыстар мен сыйлықтар емес, жеңілдіктер мен промокодтар ұсынады. Бұл жағдайда фишингтік сайттар әртүрлі тауарлар мен қызметтерге жеңілдік берілген купондарды табуға және сатып алуға болатын қызметтерге ұқсайды. Заманауи қызметтердің дамуын ескере отырып, жеткізуден бастап әр түрлі жұмыстарды онлайн режимінде орындауға дейін, промокодтар ешкімге күдік тудырмайды және оларды барлығы белсенді қолданады. Олар жастар арасында барынша танымал, онда тағы да «досыңды әкеліп, жеңілдік ал» схемасы белсенді қолданылады. Сондықтан мұндай қызметтер туралы ақпарат өте тез таралады.

Банктік карточкалардың жеткілікті деректерін және пайдаланушылардың дербес деректерін жинағаннан кейін алаяқтар фишингтік сайттың жұмысын тоқтатады және жаңасын жасайды. Мұның бәрі барынша «іздерін жасыру» үшін.

Сондықтан кез келген акциялары мен промокодтар бар қызметті пайдаланбас бұрын, оның қанша уақыт жұмыс істеп келе жатқанын біліп алыңыз. Өзіңізге бұрыннан таныс, сенімді қызметтерді пайдаланғаныңыз дұрыс. Ондағы жағдайлар соншалықты тартымды болмауы мүмкін, бірақ тәуекелі аз.

Қалай сақтануымыз қажет?

Қарапайым қағидаларды сақтау арқылы өзіңізді ғана емес, достарыңызды да қауіптен сақтай аласыз. Кез келген акциялар мен конкурстар туралы хабарламаларды таратпас бұрын, оның ресурсы фишингтік болып табылмайтынын тексеріңіз. Тегін ірімшіктің де қайда болатынын ұмытпаған жөн.

Есте сақтаңыз! Ешқандай қызметтер қаражат алу үшін банк картасы туралы толық деректерді: қолданылу мерзімі және арғы бетіндегі үш таңбалы кодты талап етпейді. 

Мұндай деректер тек қана онлайн-төлем жасау үшін қажет. Бірақ бұл жағдайда төлем терезесі төлем жүйелерінің бірімен верификацияланған және https:// қауіпсіздік хаттамасын қамтуы тиіс.

Егер жүлдені алу үшін сізден комиссия төлеу талап етілсе – бұл алаяқтық. Шынайы промоакциялар тегін болып табылады.

Күдікті интернет-ресурстарда тіркеуден өтіп, осы арқылы беймәлім тұлғаларға жеке деректеріңізді берудің қажеті жоқ.

Егер сіз науқандық тауарды немесе қызметті сатып алуға бел буған болсаңыз, онда мұны интернет-саудаға арналған арнайы картаның көмегімен жасаңыз. Мұндай картада қаражат болмауы тиіс. Сіз оны сауда жасайтын кезде ғана қажетті сомамен толықтырасыз. Мұндай жағдайда, сіз алаяқтардың қармағына түскен жағдайдың өзінде, ақшаңыздан бір рет қана айырыласыз. Содан кейін картаны бұғаттап, ауыстыру қажет. 

Сондай-ақ оқыңыз