Жаңа жылға не сыйласам деп жүрсеңіз…

Жарияланды
Достарды қуантуға ерекше идеялар

Жаңа жыл таяп қалды. Көпшілігі достарымен не ұжымдастарымен «Құпия дос» ойнап жатса керек. Жоқ дегенде кімге қандай сыйлық берсем деп бас қатырып жүрген боларсыз. Олай болса, сізге айтар бірнеше идеямыз бар. Оңай болуы үшін қызығушылықтарына қарай бөліп ұсынып отырмыз. 

Спортқа жақын жандарға

Bluetooth‑құлаққап. Қазір сымы шұбалып жүретін құлаққаптар сәннен қалып келе жатыр. Себебі олар шибайланып қалатынына қоса, үзіліп қалу қаупі жоғары. Ал оның орнын Bluetooth‑құлаққаптар басып келеді. Әсіресе, спортпен айналысатындарға таптырмас сыйлық. Себебі қимыл-қозғалыс кезінде құлақтап түсіп қалмайды. Егер жаттығу залында шынығатын болса, смартфонын қалтасына не сәл әрірек қойып қойса болады. Бүгінде түпнұсқаға ұқсас сападағы түрлі құлаққап бар. Бағасы да қалтаңызға қарай: 2000 теңгеден бастап 200 000 теңгеге дейін, тіпті одан да қымбат болып кете береді. 

Электрон таразы. Бұл денсаулығына қарап, артық салмақпен күресіп жүргендер жақсы сыйлық болады. Тіпті бір үйде бір таразы міндетті түрде болғаны дұрыс. Себебі спортпен айналысатындарға ғана емес, жалпы кез келген адам салмағын бақылауға ұстағаны жақсы. Механикалық таразыдан гөрі электрон түрін таңдауға кеңес береміз. Себебі өлшеу дәлдігі жоғары. Грамына дейін көрсетіп беретін қарапайым түрінен бөлек, қазір смартфонға байлап, қанша су, қанша май, қанша калория — бәрін көрсететіндері бар. Бағасы 3000 теңгеден бастап қалауыңызға қарай өсе береді. Маркасы, функцияларына қарай бағасы арта түседі.    

Фитнес-трекер. Жаттығумен тұрақты айналысатын достарыңыздың қолына бір қараңыз. Егер фитнес-трекері болмаса, сіз алып беріңіз. Өйткені бұл — таптырмас құрал. Қазіргі таңда небір функциялары бар түрлері шығып жатыр. Қолданушының физикалық белсенділігін өлшейтін құрал. Осылайша денсаулығын бақылап жүруге мүмкіндік туады. Құны 10 000 теңгеден әрі қарай өсе береді.  

Жұмысбасты жандарға

Күнделік не қойын дәптер. Сыйлықтың ең классикалық үлгісі. Қашан да сәннен шықпайды. Қазір күнделікке таңдау өте көп. Аты-жөнін жаздырып берем десеңіз де, тор көзді не торсыз, қатты не жұмсақ, ұзын не қысқа — қалауыңызға қарай түрлісін табасыз. Тіпті сырты әдемісін ғана емес, ішінде қаламы мен флеш-картасы барын да алуға болады. Бағасы 1000 теңгеден басталады.

Қалам. Жалпы алғанда жұмысбасты адамдарға берілетін сыйлықтар десе күнделік пен қалам бірден ойға оралады. Сыйлық болғандықтан, 100 теңгенің арзан қаламын емес, неғұрлым қымбаттауын алған жақсырақ. Әрі сыйлайтын адамыңыздың талғамын да ескеріңіз. Егер басшылық қызметте болса, құжаттарға қол қоюға қолайлы, кеңсесіндегі жұмыс үстеліне жараса кететінін таңдаңыз. 

Саяхатшы достарға

Құжаттар салатын органайзер. Әрине, досыңыз бұрыннан саяхат құмар болса, бұл зат онда әбден болуы мүмкін. Десе де, ескіріп кеткен болса, не ерекше түрі көзіңізге түссе, ойланбастан алыңыз. Қуанып қалатыны анық. Жиі сапарлатып жүретіндерге барлық құжаттың бәр жерге жиналып тұрғаны ыңғайлы. 

Экшн-камера. Тау-тасты аралап жүретін досыңызға сыйласаңыз, бұл сыйлығыңызды ерекше бағалайтыны сөзсіз. Себебі белсенді демалыс кезінде қола экшн-камера болса, нұр үстіне нұр. Қазақстанда бағасы шамамен 15 000 теңгеден басталады.   

Скретч-карта. Біраз ел мен жерді көріп тастаған досыңыздың пәтерінде скретч-карта міндетті түрде болуы керек. Себебі бұл картаның ерекшелігі сол — барған елдердің үстін қырсаңыз, боялған бөлігі ашылады. Осылайша дүние жүзі картасындағы қанша мемлекетте болғаны көрінеді. Бұл бір жағы әлемді көруге деген талпынысты оятады. Себебі барған елі көп болған сайын, карта да жандана бастайды. Досыңызға көп саяхаттауға мотивация бергіңіз келсе, скретч-карта сыйлаңыз. Бағасы да қымбат емес, шамамен 4000 теңге.  

Гаджетқұмар достарға

Power bank. Гаджет сүйер болмаса да, смартфоны бар адамға бір пауер бэнк керек. Телефонды қуаттайтын жер таппағанда осы құрылғы құтқарады. Ал енді жұмысы смартфонмен тікелей байланысты адам болса, гаджетін жаңартқан артық болмайды. Себебі олар қолданған сайын ескіретіні белгілі. Қазіргі таңда ұзаққа шыдас беретін түрлері, дизайны әдемі, қосымша функциялары бар неше түрлісі шыққан. Орташа құны — 5 000 теңге.     

Bluetooth‑трекер. Бұл фитнес-трекер емес, бірден айтайық. Бәлкім, мұндай заттың бар екенін білмей жүрген де шығарсыз. Кілтіңізді таппай, үйді шыр айналып, ақыры жұмысқа кешіккен кездер болды ма? Міне, сондай сәтте құтқаратын құрал Bluetooth‑трекер деп аталады. Сол трекерді жиі «жоғалып» кететін затыңызға бекітіп қоясыз да, смартфонға байлайсыз. Сөйтіп қажет кезде,  телефоннан қарап, қайда жатқанын тауып аласыз. Бағасы 10 000 теңге шамасында. Одан қымбаты да бар, әлбетте.

Квадрокоптер. Бұл сыйлыққа гаджатқұмар досыңыздың қуанбауы мүмкін емес. Себебі ұшатын аппаратқа камера қойып, қалаған жерді түсіруге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бағасынан шошып кетуіңіз мүмкін болса, қазір олай емес. Тіпті 10-15 000 теңгенің өзіне табылады.  

Проектор. Күніне бір рет фильм қарауды әдетке айналдырған досқа таптырмас сыйлық. Оны сыйлауын сыйлап алып, үйінен шықпай қоюыңыз мүмкін. Себебі жарықты өшіріп, проекторды қосып қойып кино көрген керемет әсер сыйлайды. Попкорн, сусын, чипстер алсаңыз, тіпті кинотеатрға барып шығындалмауға болады. Әрине, бағасы қымбаттау. Дегенмен үйге арналған, қалтаңыздан қатты қақпайтындай бағада табу қиын емес. Орта есеппен 25 000 теңгеден жоғары. 

Штатив. Бүгінгі таңда блогер болғысы келетін де, жай өзі үшін контентті ерекше түсіретіндер де көп. Ондай достарға штатив сыйлаған артық болмайды. Бәлкім, алуды жоспарлап жүрген болса немесе бұрынғысы сынып қалса, жаңасын сіз алып беріңіз. Штативтің қазір неше түрлі функциялары бары шыққан. Бар болғаны қалтаңызға қарай таңдайсыз.  

Шығармашыл достарға

Бояғыш-антистресс. Бұрын балалар бояйтын болса, қазір ересектерге арналған түрлері де шығып жатыр. Психологтардың айтуынша, адамның жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді екен. Өте ұсақ суреттерді бояу арқылы іштегі өкпе-реніштерді шығаруға болады деседі. Соңындағы нәтижесі де көңіл қуантады. Бағасы 2 000 теңгеден басталады.  

Саптыаяқ. Егер досыңыз жазу-сызуды жақсы көретін, оған қоса шай мен кофенің адамы болса, бұл сыйлық артық болмайды. Бүгінде көздің жауын алатын, түрлі бағадағы, сападағы саптыаяқ көп. Ерекше принттегісін сыйлайтын адамыңыздың талғамына қарай таңдап ала аласыз. Қасында қасығы, астындағы тәрелкесі барын алса тіпті жақсы. Кейбірінің ішінде түйіршік шай салып, бірден саптыаяқта демдеуге мүмкіндік беретін қалташасы болады. Әрі әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болса, сол сыйлығыңызды stories-тен жиі көріп қалуыңыз ғажап емес. 

Машинасы барларға

Авторегистратор. Досыңыздың көлігінде бұл құрылғы болса, онда алып беруіңіз керек. Себебі машинасы бар адамда авторегистратордың болғаны дұрыс. Бағасы 25 000 теңгеден басталады. Одан арзанын табуға да болады.  

Көлікке арналған шаңсорғыш. Бұл — өте қажет зат. Әсіресе, машинада ішіп-жегеннен кейін сыпырылмаған кілем сияқты шашылып қалады. Қолмен бір сыпырған жеткіліксіз. Ондайда автомобильге арналған шаңсорғыш жақсы. Құны 20 000 теңгедан басталады. Түрлі деңгейде тазалайтын, қосымша функциялары көбейген сайын бағасы арта береді.  

Термос. Саяхат сүйетін досыңызға да бұл сыйлықты беруге болады. Ал машинасы бар адамға термос қажет-ақ. Жолда жүрем деп шай ішуге уақыты болмауы мүмкін. Ал кафеден ала шыққан сусынын дер кезінде ішпесе, суып қалады. Сондықтан жанашырлық танытып, әдемі термос алып беруге болады. Көлемі, дизайны, сапасына қарай түрлі бағадағасын таба аласыз.  
 

Сондай-ақ оқыңыз