Алматыға өзге елден келген азаматтарда 72 сағаттан аспаған ПЦР-тестің нәтижесі болу қажет

Жарияланды
Болмаған жағдайда, қалаға кіруге жол берілмейді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша эпидемияға қарсы режимді күшейту және мегаполисті шетелден коронавирус әкелуден қосымша қорғау бойынша шаралар қабылданды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №54 қаулысын іске асыру шеңберінде қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматы халықаралық әуежайында ҚР Мемлекеттік шекарасында санитарлық-эпидемиялық шараларды қатаңдату жөнінде қаулы қабылдады.

Алматы халықаралық әуежайының аумағында халықаралық жолаушылар әуе арейстерімен келетін адамдардың байланыссыз термометриясы жүргізіледі. Әуежай қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Әуежай аумағында міндетті маска режимі және әлеуметтік қашықтықты сақтау талабы сақталады.

Алматы әкімдігінің тапсырмасы бойынша әуежай ғимаратында ұшып шығатын жолаушылар үшін ПТР-диагностикаға лицензияланған сынама алу пункті ашылды.

Дене қызуы жоғары немесе ауру белгілері (жөтел, ентігу, тыныс алудың қиындауы) бар адамдар Алматы қаласы әуежайының оқшаулағышына орналастырылады немесе әуе кемесінің бортынан жедел жәрдем машиналарымен дифференциалды диагностика мен емдеу жүргізу үшін қаланың инфекциялық стационарларына тасымалданатын болады.

Сондай-ақ, жұмыс тобы қалаға ПТР-тестілеусіз келетін жолаушыларды уақытша ұстауға арналған қонақ үйлердің дайындығын тексерді. Мұнда ПТР-сыз адамдардың уақытша болуы, оқшаулауды қамтамасыз ету және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздіктің өзге де талаптарын сақтау үшін қажетті жағдайлар жасалған.

ҚР бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес, ҚР Мемлекеттік шекарасынан өту кезінде өзге елдің азаматтары қолдарында COVID-19-ға алынған тесттің нәтижесі 72 сағаттан аспағанын көрсететін анықтама болмаған жағдайда, қалаға кірулеріне жол берілмейді.

Шетелден анықтамасыз келген ҚР азаматтары әуежай аумағынан ПТР-тестілеуді өткізу үшін және нәтижелерді күту кезеңінде уақытша мегаполистің қонақ үйлеріне орналастырылады.

Өз кезегінде, бұған дейін ҚР инфрақұрылым және Индустриялық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті әуе компанияларына ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтама болмаған жағдайда ҚР азаматтары болып табылмайтын жолаушыларды бортқа жібермеуді тапсырған.

Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан осы талаптарды сақтауды және мегаполис аумағына келгенге дейін ПТР-тестілеуден өтуді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыз