Елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 17,7% – ға төмендеді

Жарияланды
Жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4% - ға өсті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің деректері бойынша, ағымдағы жылдың жеті айында өндірістегі жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 817 қызметкер зардап шекті, оның 93-і қайтыс болды.Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.

Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4% – ға өсті (өткен жылдың 7 айында 798 адам зардап шекті). Бұл ретте өндірістік жарақаттанудан қаза табу жағдайлары 17,7% – ға төмендеді (2020 жылы осы кезеңде өндірісте 113 адам қаза тапты).

Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі бұрынғыдай Қарағанды (160 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (97 адам), Ақтөбе (62 адам), Павлодар (61 адам), Қостанай (65 адам), Түркістан (44 адам) облыстарында және Алматы қаласында (47 адам) сақталуда.

Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 134 адам (19,4%) және құрылыс саласында – 80 адам (11,6%) байқалады.

 

Сондай-ақ оқыңыз